Тунисте таеквондо футболдан кейін екінші орында тұр – Тунис құрамасымен Олимпиада жолдамасын ұтып алған қазақ бапкері

Тунисте таеквондо футболдан кейін екінші орында тұр – Тунис құрамасымен Олимпиада жолдамасын ұтып алған қазақ бапкері
Жекпе-жек

Қазақстандық бапкер баптайтын таеквондодан Тунис құрамасы жақында Париж олимпиадасына төрт жолдама ұтып алды. Осы орайда көп жыл еліміздің ұлттық құрамасында жұмыс істеген Есбол Сұлтановқа хабарласып, сұхбат құрдық. Жаттықтырушының сөзіне қарағанда, Тунис таеквондошыларын 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап жаттықтырса, бұл құрамамен ол 2020 жылдан бері таныс. Сондықтан бейімделу жағынан да, құрамаға сіңісіп кету жағынан да қиындық болмаған.

2020 жылы Токио Олимпиадасы алдында Тунис құрамасы негізгі жаттығу жиынын Алматыда өткізген болатын. Сол дайындығымыз сапалы өтіп, олар Олимпиаданың күміс медалін жеңіп алды. Сол уақыттан бері жақсы қарым-қатынаста болдық. Көптеген халықаралық жарыста, оқу-жаттығу жиындарында кездесіп жүрдік. Сондықтан болар, спортшылармен тіл табысу аса қиындық туғызбады. Тек Тунистің спорт сүйер қауымы басында сынмен қабылдады. Оларды да түсінуге болады. Қазақстан таеквондосы әлемге аса танымал емес. Тунистің кей азаматтары Қазақстан туралы мүлде білмейді де екен. Сондықтан күмәны орынды беді. Бірақ Алланың қалауымен бір жарым ай өтпей әлемдік Гран-Приде Тунис екі алтын алып, жалпы есепте командалық бірінші орынды жеңіп алдық. Тағы бір айдан кейін Африка чемпионатында да үздік нәтиже көрсеттік. Жыл аяқталар алдында Гранд Слэм турнирінің күміс медалін жеңіп алдық. Жұмыс жүріп жатыр. Қазір Қазақстанға құрметпен қарайды. Елдің тарихы мен географиясын оқып, біраз қызығып жүргендер бар. Елді жерге қаратпауға тырысамыз.

– Жақын жер емес, құрлық асу туралы шешімді қабылдау қаншалықты қиын болды?

– Иә, жақын жер емес. Дегенмен өзімді сынап көргім келді. Шақыруды қабыл алып, кезінде Солтүстік Африка, Шам елдеріне әйгілі болған Сұлтан Бейбарыс бабамыздың ізі қалған жерге біз де ат басын тіредік.

– Отбасыңыз бұл шешіміңізді қалай қабылдады?

– Жақын адамдарыңның қолдауы өте маңызды. Бұл тұрғыда отбасым шешімімді қабыл алып, қолдап, жетістіктеріме қуанып отыр. Сағынамын. Жақын жер емес. Аздаған мүмкіндік болса, мейлі, елде болсын, шет елде болсын, міндетті түрде кездесіп тұрамыз.

– Келісімшарт мерзімі қанша уақытқа жасалды?

– Келісімшарт мерзімі Париж Олимпиада ойындарына дейін жасалды.

– Қалай дегенмен ауа райы бөлек. Бейімделу жағы қалай болды?

– Ауа райы қолайлы. Жерорта теңізінің жағасында орналасқан субтропикалық ел. Климаты Таяу Шығыстағыдай құрғақ емес. Бірақ жазы бізден ыстық екені анық. Халқы қонақжай. Тағамдары да алуан түрлі екен. Сондықтан бейімделу жағынан қиындық туындаған жоқ.

– Құрама спортшыларымен, басшылықпен қай тілде сөйлесесіздер? 

– Тунис халқы негізінен екі тілде сөйлейді. Араб және француз тілдерінде. Мен ағылшын тілінде сөйлеймін. Арабша бастауыш курстарын аяқтадым. Спортшылар оқу орындарында ағылшын тілін оқығандықтан, мені қиындықсыз түсінеді.

– Сіздің қарамағыңызда жақында тунистік таеквондошылар Олимпиада ойындарына төрт жолдама алғанын естідік. Құтты болсын! О баста жоспар қандай еді?

– Ақпан айының 10-11-і аралығында Сенегал астанасы Даккар қаласында Олимпиадаға Африканың құрлықтық іріктеу турнирі өткізілді. Менің командам іріктеу нәтижесі бойынша төрт лицензия ұтып алып, Африка және жалпы араб елдері арасында көш бастап тұр. Мұндай нәтиже, яғни мүмкін болған төрт лицензияны түгел жеңіп алу Тунис таеквондо тарихында алғаш рет болып отыр. Әзірге Тунис олимпиадалық спорт түрлерінен жалпы он төрт лицензияны иеленді. Соның ішінде таеквондошылар ең көп лицензиямен көш бастап тұр. Аллаға шүкір.

– Ал федерация басшылығы сіздің алдыңызға қандай мақсат пен талап қойып отыр?

– Келісімшарт бойынша үш лицензия алу міндеттемесін алған болатынмын. Әрине, Олимпиада медалін жеңу де жүктелген.

– Тунистің таеквондодағы әлеуетін қалай бағалайсыз? Бұған дейін қалай болып еді? Шығыс жекпе-жегіне қаншалықты көңіл бөлінеді?

– Тунис елінде таеквондо спорты даму жағынан футболдан кейін екінші орында тұр. Олимпиада жүлдегерлері, әлем чемпионатының бірнеше жүлдегері бар. Сондықтан Спорт министрлігі мен Олимпиада комитеті таеквондо спортына басымдық береді.

– Сіздің ұлттық құрамада талай жыл жұмыс істегеніңізді білеміз. Төл шәкірттеріңіз құрамада жүр. Қазақстандық таеквондошылардың Парижге жолдама алу мүмкіндігіне қатысты пікіріңізді біле кетсек.

– Біздің Қазақстанда жақсы спортшылар да, бапкерлер де жеткілікті деңгейде. Соңғы жылдары жақсы қарқынмен дамып келеді. Менің болжамымша, Париж Олимпиадасына үш лицензия жеңіп алуға толық мүмкіндік бар. Біріншіден, спортшыларымыз өте тәжірибелі, екіншіден, Азия құрлығының көшбасшы спортшылары әлемдік рейтингтік жүйе бойынша лицензияларын алып үлгерген. Сондықтан құрлықтық іріктеуде осы мүмкіндікті Қазақстан құрамасы оңтайлы пайдаланып, жақсы нәтиже көрсетеді деп сенемін.

– Қазақстан мен Тунистен таеквондо спортын дамытуда қандай айырмашылық байқадыңыз?

– Қазақстан мен Тунис таеквондосын салыстырар болсақ, айырмашылықтар көп. Біздің елдің басымдығы, әрине, қаржылай мүмкіндігі. Тунис таеквондосынан он есе артық шығар. Техникалық-материалдық жағдайы да әлдеқайда жоғары. Ал Тунисте жұмыс жүйесі дұрыс жолға қойылған. Ол тек таеквондода емес. Спорт министрлігінің жұмыс істеу жүйесі өте ұнады. Тунис елі көп жыл француздардың қол астында болғандықтан, еуропалық жүйе қалыптасып қалған. Мамандардың көбі Еуропа елдерінде білім алады.

– Биылғы жылдың басты аламаны Париж олимпиадасы екені рас. Өкінішке қарай, таеквондодан олимпиада жүлдесін күткенімізге де 16 жылдай болды. Бұл мақсатқа Қазақстан қашан қол жеткізуі мүмкін?

– Өкінішке қарай, үш Олимпиадада жүлдесіз қалдық. Себеп көп… Негізгісі – ауызбіршіліктің жоқтығы. Бірақ бір қуантатын жағдай – жас кадеттеріміздің мықты нәтиже көрсетіп келе жатқандығы. Ойлап қараңызшы, соңғы әлем чемпионатында Қазақстан құрама командасы екі алтын, екі күміс және қола медаль жеңіп алып, жалпы командалық бірінші орынға қол жеткізді. Ал құраманың бас бапкері Мырзағали Сұранов 2023 жылдың қорытындысы бойынша әлемнің үздік жаттықтырушысы атанды. Сол балаларымыздың жастары қазір он төртте. Төрт жылдан соң он сегізге келеді. Мінекей, мықты резерв дайын тұр. Тек осы жас буынды дұрыс, жүйелі жұмыс арқылы ересектер құрамасына жеткізу керек.

Париж Олимпиадасынан да үміт бар. Жаттықтырушыларымыз бен спортшыларымыз ел сенімін ақтайды деп сенемін.

Сұхбаттасқан – Мадина Асылбек