"Олимпиада қарсаңында бапкерім көз жұмды": Каратэші Мөлдір Жаңбырбай Токиодан кейін кең көлемде сұхбат берді

Басқа
Мөлдір Жаңбырбай азғантай уақыт ішінде жанкүйер жүрегіне жол тауып үлгерген санаулы спортшылардың бірі. Отандық каратэ тарихында алғаш рет Токио Олимпиадасына жолдама алып, бар әлем көз тіккен жарыста ел еңсесін түсірген жоқ. Жүлдеге бір қадам жерден тоқтап, әлем үздіктерімен теңдей өнер көрсетті. Бүгінде Мөлдір денсаулық жағдайына байланысты биылғы маусымнан шет қалып отыр. Десе де, жақында келін атанған ол келесі жылы өтетін Азия ойындарында ел намысын қорғауға ниетті. Танымал спортшы, Премьер-лига турнирінің жеңімпазы әрі Азия чемпионы Мөлдір Жаңбырбай Bassport.kz тілшісіне сұхбат беріп, спорттағы және жеке өміріндегі елеулі оқиғаларға тоқталды.  - Мөлдір, Токио Олимпиадасынан кейін тұрмысқа шығып, бүгінде үлкен спорттан сәл қол үзіп қалғандайсың... - Иә, Олимпиададан келген соң қазақтың дәстүрі бойынша ата-анамның батасын алып, үйімнен ұзатылдым. Ұзатылдым деген аты болмаса, мен 18 жасымнан бері сыртта жүрмін. Спорт менің шекарамды кеңітті, талай жарыстарға қатысып, ел көріп, жер танып, отандық каратэден өз орнымды алуға тырыстым. Қазір денсаулық жағдайыма байланысты үйдемін. Командаластарым, оның ішінде күйеуім Дидар Әмірәлі де бар, Азия чемпионатына дайындалып жатыр. Сары құрлық чемпионаты қарсаңында жаттығу күшейді. Ұлттық құрама бірлескен жаттығу жиынын өткізу үшін Бакуге (Әзірбайжан) ұшып кетті. Мен оларға сырттай тілеулес болып отырмын. - Азия чемпионатына жолдасыңыз Дидар қатыса ма? - Дидар құрлық додасында ел намысын қорғайтын спортшылар тізімінде бар. Ұлттық құрамамен бірге дайындалып жатыр. - Екеуіңіз де спортшы болған соң, тез тіл табысатын шығарсыздар? - Әрине, бір салада жүрген соң, бір-бірімізді бала күнімізден білген соң, ортақ әңгімеміз өте көп. Кейде спорттан жалығып, басқа тақырыпты қозғайықшы деп, бір күліп аламыз. Дидардың қасында жүргенде үнемі оның диетасын, салмағын қадағалап отырамын. Қандай тамақ жеу керек, қанша грамм салмақ қуу керек, бәрін реттеу – менің мойнымда. Егер қасында болмасам, қашықтан бақылаймын. Күйеуім тұйық адам, оның көп нәрсені ашып айта беруі қиын нәрсе (күлді). - Дидар екеуіңіздің махаббат хикаяларыңызды желіде жариялап отырасыз. Жолдасыңыз орыс тілді екені байқалады. Ал сіз келін боп түскен отбасы жайлы не айтасыз? - Жолдасымның ортасы орысша болғанымен, отбасында қазақ халқының дәстүр-мәдениеті, тілі мен ділі толық сақталған. Негізі, қайын жұртым Қызылорда облысының Шиелі ауданында тұрған. Кейін Қонаев қаласына көшіп кетеді. Қайын атам – жаттықтырушы. Дидардың алғашқы бапкері де сол кісі. Демек, біздің отбасыны спортшылар жанұясы деп айтуға толық негіз бар. Келін боп түскенде салт-мәдениет жағынан ешқандай қиындық болған жоқ. Бәрі де спортқа, біздің өмір салтымызға түсіністікпен қарайды.  - Каратэге қайта оралайық... Аталған спорт түрін 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына енуі мүмкін деген сыбыс бар. Бұл жаңалықты қалай қабылдадыңыз? - Қазіргі сәтте бұған қатысты толық шешім қабылданған жоқ. Белгілісі – каратэні Олимпиада бағдарламасына енгізу үшін дауысқа салады. Егер каратэ төртжылдық додасының бағдарламасына енетін болса, біз үшін ең керемет жаңалық болары сөзсіз. Өйткені, біздің спортымыз әлі де болса мойындалмай келе жатыр. Токио ойындарында тек бір рет қана мүмкіндік берілді. Қазақстан намысын бес спортшы қорғап, солардың қатарында өзім де болдым. Бірақ Олимпиада біздегі талай жас спортшыларға жігер беретін еді. Сегіз салмақтың барлығында жүлдеге таласа алатын мықтылар бізде бар. Сондықтан, каратэ Олимпиада бағдарламасына енсе деген үлкен тілек жатыр жүрегімізде.  - Токио ойындарында каратэшілерге бір-ақ рет мүмкіндік берілді. Сол бәсекеден соң тарихта қалатын орныңыз бар еді... Жеңіс үшін не жетпей қалды? - Шынымды айтсам, өзім бәрін салқынқанды таразылайтын адаммын. Өткенге көп өкінбеймін, жеңілген сәттерде көз жасыма да көп ерік бермеймін. Табиғатым сондай... Токио Олимпиадасында не жетпей қалғанын білмеймін. Өзім кәдуілгі жарыстарда оңай ұтып жүрген спортшыларға есе жіберіп қойдым. Қателіктер кетті... Бірақ менің бұл Олимпиадаға бармауым да мүмкін еді... Үлкен спортта біраз жыл бойы жолым болмай, қолымды бір сілтегім келген сәттер бастан өтті. Одан қалса, кішкентайымнан бағыт-бағдар беріп, мені биікке жетелеген жеке бапкерім көз жұмды. Кейін бас бапкеріміз Жасталап ағайдан айырылып қалдық. Осының бәрі Токио қарсаңында болғаны өкінішті...  - Жеке бапкеріңіз туралы жылы естеліктермен жиі бөлісіп отырасыз. Жанкүйерлерге сізді спорт әлеміне жетелеген жан туралы толығырақ айтып өтсеңіз... - Маған каратэ әліппесін үйретіп, шеберлігімді шыңдап, халықаралық дәрежедегі спортшы деңгейіне дейін көтерген адам – бапкерім Рүстем Әбжәмиев. Бүгінде ол кісі туралы өткен шақта айтатынымыз мен үшін өте ауыр... Рүстем ағай мені күніне үш рет жаттықтыратын. Спортшыға қажетті барлық процедурадан өтуімді қатаң қадағалап, үнемі білгенімен бөлісіп отыратын. Тіпті, ол кісіні екінші әкем десем, артық емес. Өзімнің туған әкеммен дәл осылай көп сөйлеспеген шығармын. Өкініштісі сол, ағайым менімен бірге ірі әлемдік жарыстарға бара алған жоқ. Себебі, ол кездері каратэ Ұлттық Олимпиадалық комитет қарамағына кірмейтін. Біз әлем және Азия чемпионатына қатысатын едік те, облыс тек бір адамның жол-шығынын көтеретін болды. Ағайым болса, өзі мені сырттан бақылап, ақ жол тілеп, үйде қала беретін. Ал біздің спортымыз ҰОК құрамына еніп, Токио Олимпиадасы жақындаған кезде бапкерімнің денсаулығы сыр бере бастады. Ол кісінің ауырып жүргенін сезсем де, өзіме ештеңені ашып айтпағасын, жаман ойлаған жоқпын. Өмірінің соңғы күндерінде төсек тартып жатып қалса да, маған қалай жаттығып, не істеу керектігін отсаптан қарындасы арқылы жеткізіп отырыпты. Оны кейін білдім... Шәкірті үшін жанын беретін адам менің ағайымдай болсын... Салауатты өмір салтын ұстанатын, өмірінде газдалған сусын ішпейтін, тура жолдағы адам еді. Ол менің ірі жеңісімді көре алмай, қатерлі дерттен көз жұмды... - Расында, мұның бәрі Олимпиада қарсаңында болғаны өкінішті... - Иә, жеке бапкерімнің ізін ала бас бапкеріміз Жасталап ағай да бақилық болды. Ол кісі де бір ай ғана ауырып, бізді тастап кете барды. Ал осы аралықта менің нәтижем де көңіл қуантарлықтай болған жоқ. 2017 жылдан бері ірі халықаралық жарыстарға қатыстым. Бірақ жүлделі орын бұйырмай-ақ қойды. Қарсыластарымнан ойсырай ұтылып жатқам жоқ. Десе де, соңғы секундта жеңісті беріп қою, бір ұпай айырмасымен ұтылу деген жайттар көп кездесетін. Табаны күректей төрт жыл бойы кәсіби спорттан медаль алғаным жоқ. Бұл кімді де болса шаршатады екен. Уақыт өте келе, спортпен қоштасамын деп ұйғардым. Бірақ жеке бапкерім көз жұмған соң, анам ағайымның аманатын орындап, спорттан нәтиже шығаруға үндеді. Бәрін тастап кетпей, өзімді қайтадан қола алдым. Көптен күткен алғашқы жүлдеме 2021 жылы Португалияда өткен Премьер-лига турнирінде қол жеткіздім. Сол кезде қатты жылағаным есімде. Мені көпшілігі финалға шығып, қуанғаннан жылады деп ойлапты. Ал шын мәнінде, мен бұл жеңісімді Рүстем ағайым көрмей кеткені үшін жыладым...  - Сол турнирден соң Токио барар жол ашылды деуге бола ма? - Токиоға барар жол да оңай болған жоқ. Менің салмағым 50 келі, бірақ жолдама 55 келіде таратылады екен. Бапкерлер 55 келідегі үш-төрт спортшыны бақылады, ішінде мен де бармын. Португиядағы турнир сәтті өткен соң, мамыр айында Францияда өтетін әлемдік іріктеу турниріне апарды. Сол сында финалға шыққан спортшылар ғана Токио Олимпиадасына жолдама алатын еді. Мен финалға шығып, өмірімдегі ең алғашқы Олимпиадаға қатысу құқығын иелендім. Әрине, аздаған өкініш бар. Егер Токиода жүлде алсам, тарихта қалатын едім. Бірақ өмірде бұдан да асқан құндылықтар көп. Ең бастысы – ешқашан бір орында тұрып қалмау керек.  - Әңгімеңізге рахмет!