"Біздегі басшыларға жағымпаздар керек": Азамат Мұқанов шындықты айтқан Шынәлиевті қолдады

Дзюдо
Бейжің Олимпиадасының және әлем біріншілігінің қола жүлдегері Еркебұлан Шынәлиевтің соңғы сұхбаты халық арасында қызу талқыға түсті. Бұрынғы боксшы қазірге дейін дұрыс жұмыс таппағанын айтып, спорттан кеткен атлеттердің жай-күйін баяндаған еді. Дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Азамат Мұқанов боксшының шындықты айтып отырғанын жеткізді.
«Шынәлиев шындықты айтты. Спорттағы мансабы аяқталған соң спортшы мемлекет түгілі, өзінің бапкеріне де керек болмай қалады. Бұл – шындық. Бізде ел намысын абыроймен қорғаған спортшылар неге жұмыссыз жүр? Себебі біздің елдегі басшыларға нақты жұмыс істейтін адамдар емес, жағымпаздар керек.
Шындықты бетке айтатын адамды біздегі басшылар әсте ұнатпайды. Ал бастығына жағынып, «әке», «көкелеп» жүретін жігіттер өседі. Қазір спорт саласындағы жақсы қызметте жүрген жігіттердің барлығы да осылай өскен.
Татамидегі мансабым аяқталған соң, жасөспірімдер құрамасында аға бапкер міндетін атқардым. Азды-көпті қызмет қылдым. Спортшылардың формасын өз қалтамнан алып бердім. Дәрумендері де өз мойнымда болды. Негізі мұның бәрін федерация мен басшылық алып беруі керек. Осы спорт түріне жаным ашығасын, қолымда барды аяған емеспін. Әдемі келіп, әдемі кеттім.
Өмірін спортқа арнаған жігіттердің мансабы аяқталған соң, өзін таппай қалатыны анық. Ешкімнен қолдау жоқ. Елге жеңіс әкелгенде керексің, сосын өз жігерің мықты болмаса, ұмытылып қаласың. Шүкір, мен өз жолымды таптым. Спорттан кетсем де, жеке кәсібімді дөңгелетіп отырмын», - деді Азамат.
Азамат Мұқанов дзюдодан 2013 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, 2014 жылғы Азия ойындарының қола медаль иегері.