"Тарихи отаныма оралдым": Абибамен бір залда жаттыққан Асқар Нарқұлов жайлы не білеміз

Дзюдодан Астанада аяқталған Grand Slam додасы тағы бір қазақ балуанының бағын ашты. 73 келіге дейінгі салмақта 23 жастағы Асқар Нарқұлов қола жүлдегер атанды. Ересектер дуына қосылғанына көп болмаған Асқардың бұл әлемдік сында жеңіп алған алғашқы жүлдесі. Ал бұл балуанның көршілес Өзбекстанда туылып, тарихи отанына қайтып келгенін көп ешкім біле бермейді. Осы орайда, Bassport.kz спортшыны аз-кем әңгімеге тартқан болатын.
- Асқар, алғашқы жүлдеңіз құтты болсын. Астанадағы турнир сіз үшін табысты өткен сияқты...
- Әрине, әлемдік Grand Slam жарысынан жүлде алу – әр спортшының арманы. Бұл медаль маған да бұйырғанына қуаныштымын. Басқа елде емес, өз жерімізде өтіп жатқан тарихи турнирде үздік үштікке енгенім одан әрі рухтандыра түсті. Себебі жанкүйерлердің қолдауы күш берген еді. Осыған дейін Будапешт және Тбилиси қалаларында өткен Grand Slam турнирлеріне қатыстым. Бірақ жүлде алу бақыты Астанада бұйырған екен.
- Елімізде өтіп жатқан соң, бір салмақта 4 балуан қосуға мүмкіндік берілді. 73 келіде сізге көп сенім артылды ма?
- Бұлай дей алмаймын. Себебі менің салмағымда талай әлемдік сында ел намысын қорғаған Жансай ағам мен Азия чемпионы Данияр Шамшаев бар еді. Әрине, татамиге құр босқа шықпайсың ғой. Әр балуанның арманы, мақсаты бар. Барлығы да жеңсем деген оймен қатысады жарысқа. Менің де жүлдеге іліксем деген мақсатым болды. Бірақ басқаларға қарағанда маған үлкен жауапкершілік артылған жоқ.
- Астана татамиіндегі белдесулеріңіз жайлы не айтасыз?
- Мен үшін өзбек балуанымен өткен белдесу қиынға соқты. Қалған кездесулерді бір деммен алып шықтым. Ал жартылай финалдағы жеңіліске тәжірибесіздігім себеп болды. Әйтпесе, қарсыласымды ұтуға күшім де, техникам да жететін еді. Бір сөзбен айтқанда, асығып кеттім.
- Сіз әлемдік жарыстарға енді қатысып жатырсыз. Париж Олимпиадасына дейін рейтингке кіріп үлгермейсіз-ау...
- Неге олай дейсіз? Бәрі де мүмкін. Егер жақсы өнер көрсетсем, рейтингте жоғарылайтын шығармын. Астанадағы Grand Slam турниріне дейін рейтингте жүздікке де енбейтінмін. Енді осы бәсекеден соң елулікке жақындайтыным сөзсіз. Әрі қарай бәрі де өзіме байланысты.
- Сіз туралы мәлімет аздау екен. Қазақстан Спартакиадасында жеңіске жетіпсіз...
- Иә, соңғы Спартакиада жеңімпазы атандым. Жартылай финалда Жансай Смағұлов ағамызды ұттым. Бірақ ол әлі бабында емес. Оның татамиге мықты болып ораларына кәміл сенемін.
- Қай жерде туып-өстіңіз?
- Мен Өзбекстанның Ташкент облысына қарасты Бостандық ауылында туып-өскенмін. Алты жасымда дзюдомен айналыса бастадым. Қазақстан командасының қазіргі көшбасшыларының бірі Абиба Әбужақыновамен бір залда жаттыққанмын. Абиба Қазақстанға кеткен соң, мен де көп ұзамай тарихи отаныма ораламын деп шештім. Өйткені, ағаларым мен туыстарымның көпшілігі Шымкентте тұратын. Көп ойланбай, 2016 жылы атамекенге келдім. Содан бері дзюдодан ірілі-ұсақты жарыстарға қатысып, 2020 жылдан бастап ұлттық құрама бапкерлерінің көзіне түстім. Міне, тырнақалды табысыма қол жеткізіп жатқан жайым бар.
- Қазір кімнің қоластында жаттығасыз?
- Жаттықтырушым – Шолпан Қалиева. Ол кісіні білмейтін адамдар жоқ шығар. Кезінде өзі де мықты күрескен. Бейжің Олимпиадасында үздік бестікке енген. Мықты маман. Сол кісі таңдағаныма өкінбеймін. Ғалия Тынбаева, Мөлдір Нарыновалармен бірге осы кісіде жаттығамын. Кешегі жарыста да апайым келіп, жеңісіме қатты қуанды.
- Сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан - Ақырыс Сейтқазы