Басынан дау кетпеген бокс: АҚШ бастаған біраз ел өзінің бөлек ұйымын құруы мүмкін
Басынан дау кетпеген әуесқой бокста тағы бір шудың шеті шықты. АҚШ пен Ұлыбритания боксшылардың жаңа ұйымын құрмақшы. Бұл қазіргі қауымдастықтың шамына тигені анық. Бірақ Халықаралық Олимпиада комитетінің санкциясына қол сілтеп, Ресей мен Беларусь спортшыларын өз туы, өз әнұранымен жарысқа қатыстырып жатқан IBA басшыларының қылығын да ақтауға болмайды. Әсіресе, Ұлыбритания мен АҚШ бастаған бірнеше мемлекет бұл шешіммен түбегейлі келіспей отыр. Тіпті, біраз құрама әйелдер арасындағы әлем чемпионатына қатысқан жоқ. Ташкентте де сол сценарий қайталанары сөзсіз. Әлемдегі алып елдердің өзара текетіресі қарапайым боксшыларға қалай әсер етеді? Бұл жағдайда Қазақстан қандай ұстанымда қалады?
IBA әлде АҚШ?
АҚШ пен Ұлыбритания IBA қатарынан шығып, боксшыларға арналған басқа ұйымды ашатынын мәлімдеді. Аталған ұйымға ІВА құрамынан шыққан мемлекеттер тікелей мүше бола алады. Жақын арада аталған мемлекеттер Халықаралық әуесқой бокс федерциясымен қош айтысатынын ресми түрде мәлімдемек. Жаңа ұйым «Бүкіләлемдік бокс» деп аталуы мүмкін. ІВА қатарынан шығуды көздейтін құрамалар олимпиадалық бокстың болашағына қатысты маңызды шешім қабылдаймыз деп сендіруде.
«Бокстағы үздік төрт спортшы ғаламдық жағдай туралы кез келген сұраққа жауап беруге дайын. Бұл бокстың олимпиадалық қозғалыстағы тұрақты орнын қамтамасыз етуге және аталған спорт түрінің болашағын жарқын қылуға себеп болады», - делінген ұйымдастырушылардың хабарламасында.
Бұл қадамға іле-шала Халықаралық бокс қауымдастығы да жауап қатты. Умар Кремлев басқаратын ұйым қауымдастық қатарынан шығатын мемлекеттерді қатаң санкциямен қорқытып отыр.
«Халықаралық бокс қауымдастығының тұтастығына нұқсан келтірмек болған алаяқ ұйымды құруға еш себеп жоқ. IBA ұйымның жылдар бойы жинаған абыройын төкпек болғандарды қатаң сынға алады. Жекелеген адамдардың амбициясы ешқашан табысты ұйым құра алмайды», - делінген IBA ресми сайтындағы хабарламада.
Бұл шешімнің нақты қашан жүзеге асатыны белгісіз. Десе де, Халықаралық Олимпиада комитетінің санкциясын есепке алмай, Ресей және Беларусь боксшыларын өз туымен, өз әнұранымен қатыстырған IBA-ның «батылдығын» жақтау - негізсіз. Себебі бұған дейін ешбір спорттық ұйым ХОК талабынан аттап кеткен жоқ. Тек үлкен теннисте ғана аталған екі елдің спортшылары нейтралды статуста сынға түсіп келеді. Ал әуесқой бокстың басына үйірілген бұлт осыдан соң қалыңдай түсетіні тағы да анық.
Биылғы әлем чемпионатын лицензиялық турнирлер қатарына қоспаған соң-ақ, Халықаралық бокс қауымдастығына жаза қолданылатыны сезілген. Париж Олимпиадасының жолдамалары Азия ойындарында сарапқа салынады деген хабар да жоқ емес. ХОК басқа құрлық боксшыларына да осындай жағдай жасары сөзсіз. Ендеше боксшыларды жақсы сыйақымен қызықтырып жатқан ІВА Украинадағы соғысқа тікелей себепкер екі елді еш рұқсатсыз қолдағаны үшін опық жеуі мүмкін.
Үлкен ақша айналып жатқан әлемдік ұйымдардың мәселесі өзара шешілер. Өкініштісі – бокстың Олимпиада бағдарламасынан шығып қалу қаупі бар. ХОК Токио Олимпиадасына іріктеу турнирінен де өз еркімен өткізді. Енді 2028 жылғы Лос-Анджелес ойындарына дейін аталған спорт түрінің тағдыры белгілі болады. Бұрын жемқорлық, төрешілердің әділетсіздігі мен қаржылық алаяқтық арқылы танылған әлемдік ұйым өзіне тағы бір бәле жамап алды. Ресей мен Беларусь спортшыларын еш рұқсатсыз жарысқа қосу, расында, арандатуға ұқсайтын әрекет.
Мамандар мен жанкүйерлер арасында бокс Олимпиада бағдарламасынан шығып қалуы мүмкін деген үрей бар. Егер ХОК пен ІВА арасындағы текетірес осылай жалғаса берсе, қарапайым боксшылардың зардап шегу қаупі жоғарылай түспек.
Қазақстан не істейді?
Отандық бокс федерациясының басшысы Кеңес Рақышев аталған жағдайға қатысты пікірін жас боксшыларды марапаттау рәсімінде айтып өтті. «Біз әлем чемпионатынан бас тартпаймыз. Себебі біз жанкүйерлер асыға күткен доданы жіберуге міндетті емеспіз. Халықаралық Олимпиада комитеті мен бокс қауымдастығының арасындағы мәселе бұрыннан бар», - деген болатын Рақышев.
Үндістандағы әлем чемпионатын Қазақстан әйелдер командасы абыроймен өткеріп келді. Қазір Мырзағали Айтжанов бастаған ерлер құрамы Ташкентке белсенді түрде дайындалуда. Бұл тартыста Қазақстан бейтарап қалып, "өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай" шығудың жолын қарайтыны анық.
Автор: Ақырыс Сейтқазы