"Олардың рухы мықты": Жиырма жылдан бері жетім балаларды жаттықтыратын бапкер жайлы не білеміз

Дзюдо
Жекпе-жек

Есімбек Бозов - самбо күресі бойынша қатардағы жаттықтырушылардың бірі. Бірақ оның қызметін басқалардан ерекшелеп тұратын бір жайт бар. Ол 1999 жылдан бері Семей қаласындағы №8 балалар үйінде бапкерлік қызмет атқарып келеді. Бүгінде Есімбектің алдынан өткен талай шәкірт спорт әлемінде жетістікке жетсе, өзінің ізін қуып, жаттықтырушылыққа бет бұрғандар да жетіп артылады. Осы орайда, Bassport.kz тағдыры ауыр балаларды үлкен спортқа баулыған бапкермен тілдескен болатын.

 "Негізі, мен балаларды самбо мен дзюдоға баулимын. Ал жалпы алғанда балалар үйінде тәрбиеленетін жастар жеті түрлы үйірмеге қатысады. Оның ішінде гір көтеру, футбол, ауыр атлетика, үстел теннисі, пауэрлифтинг, конькимен жүгіру спорты бар. Жетістіктеріміз де жаман емес. Әсіресе, футболшылардан жасақталған командамыз сонау Францияға дейін барып, ПСЖ клубында қонақ болып қайтты. Самбо, дзюдо спортынан ел чемпионатында, халықаралық турнирлерде жүлдеге ілігіп жүрген шәкірттеріміз көп", - дейді Есімбек бапкер.

Расында, Семейдегі №8 балалар үйінің тәрбиеленушілері футбол десе, ішкен асын жерге қояды. Мұндағы кішігірім футбол ұжымынан кәсіби командаға ауысып жатқандар да бар. Ал "Арманыңа қадам бас" деген атаумен өткізілген республикалық жарыста семейлік команда бірнеше рет жүлдегер қатарынан көрініп, 2018 жылы жеңіске жетті. Тиісінше, әйгілі "Пари сен Жермен" клубында қонақ болып, тәжірибе алмасып қайтқан.

"Шәкірттеріміздің әрбір жеңісі біз үшін үлкен бақыт. Бүгінде 25 бала самбомен айналысып жүр. Ал біздің залдан қанат қағып, өмірден өз орнын тапқандары қаншама?! Мәселен, Витали Сопов деген оқушым бар. Самбодан Қазақстан кубогінің иегері. Қазіргі таңда менің жолымды жалғап,  Жақсылық Үшкемпіров атындағы №1 спорт мектебінде жұмыс істеп жүр. Одан бөлек, Петр Мельников, Ілияс Бейсебаев, Вадим Сайбель, Николай Мухин, Рауан Глушко сынды мықты спортшыларымыз бар. Шәкірттерім самболдан республикалық жарыстардан үнемі жүлдемен оралады", - дейді жаттықтырушы.

Есімбек Бозовтың балалар үйінде еңбек етуінің де өзіндік сыры бар. Ол жастарды намысшыл, мықты әрі білікті қылып тәрбиелеуді басты мақсатқа айналдырған.

"Балалар үйіндегі спортшылар өте талапты. Ешкімнен айырмашылығы жоқ. Бір-біріне бауырмал, рухты келеді. Орта жолдан тастап кетпейді. Батылдықтарына ерекше тәнтімін. Небір қиындыққа да қарсы тұруға дайын. Сондықтан, шәкірттеріммен, қазіргі қызметіммен мақтанамын. Балалар үйіндегі спортшыларды биікке шығару үшін талмай еңбек ете бермекпін", - дейді ол.