Шорт-трек: Алматыға әлем және Олимпиада чемпиондары келе жатыр
Ертең Алматыда шорт-тректен әлем жұлдыздары бас қосады. Халықаралық конькимен жүгірушілер одағының (ISU) шешімімен шорт-тректен әлем кубогінің екі кезеңі Қазақстанда өткізілмекші. Осы орайда, Bassport.kz әлемдік жарыс алдында командалар тізіміне шолу жасады.
Тартысқа толы маусым
Шорт-тректен жыл сайынғы спорттық маусым ірі жарыстарға толы. Жаңа маусымның шымылдығы 28 қазан күні Монреальдағы (Канада) әлем кубогі кезеңімен ашылды. 4-6 қарашада екінші кезеңді АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласы қабылдады. Ал үшінші және төртінші кезеңді Алматыда өткізу туралы шешім қабылданған. Бұл біздің команда үшін де, еліміз үшін де әлемдік аренадағы өз әлеуетемізді көрсету үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Үшінші кезең 9-11 желтоқсанға, төртінші кезең 16-18 желтоқсанға жоспарланып отыр. Әлем кубогі бәсекесі Алматыдағы додамен аяқталады. Ал осыдан кейінгі ең ірі бәсеке - 10-12 наурыз күні Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өтетін әлем чемпионаты. Еліміздегі ірі спорттық додаға әлемнің 30 мемлекетінен 250-ге жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында Нұрберген Жұмағазиев бастаған Қазақстан командасының мүшелері мен әлем және Олимпиада чемпиондары бар.
Ел намысын кімдер қорғайды?
Қазақстан ерлер командасының сапында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Тек жастар арасынан ауысқан Санжар Жанисов алғашқы ірі додасында бақ сынамақ. Ал қыздар құрамасында Анастасия Астраханцева сынды жас есім бар.
Ерлер құрамасы: Абзал Әжіғалиев, Әділ Ғалиахметов, Денис Никиша, Нұртілек Қажғали, Еркебұлан Шамұханов, Санжар Жанисов
Әйелдер құрамасы: Ольга Тихонова, Яна Хан, Мадина Жанбусинова, Анастасия Астраханцева, Алина Ажгалиева, Алёна Волковицкая.
Отандық шорт-трекшілер үшін биылғы маусым айтарлықтай сәтті басталды. Жаңа маусымды жаңа бапкермен ашқан спортшыларымыз Канада мен АҚШ-та өткен кубоктік кезеңдерінен құр қол қайтқан жоқ. Монреальда өткен бәсекеде Қазақстан ерлер командасы эстафетадан финалға шығып, тарихта алғаш рет күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал АҚШ-та өткен турнирде Абзал Әжіғалиев пен Денис Никиша 500 метр қашықтыққа жүгіруден екі күміс медаль еншілесе, 1000 метрге жүгіруден Әділ Ғалиахметов қола жүлдегер атанды. Енді шорт-трекшілеріміз өз жерімізде әнұранымызды ойнату үшін бар күшін салары анық.
Алматыдағы әлем кубогі кезеңінен кейін шорт-трекшілер Дрезденге (Германия) аттанады. Ал биылғы маусымның шешуші әрі соңғы кезеңі Дордрехт қаласында (Нидерланды) өтеді.
Әлемдік жұлдыздардан кімдер бар?
Алматыдағы "Халық Арена" айдынында әлемнің үздік спортшылары да бақ сынайды. Атап айтар болсақ, Оңтүстік Корея спортшысы, эстафетадан 2019 жылғы әлем чемпионы әрі қысқы Универсиаданың екі дүркін жеңімпазы Пак Джи Вон бар.
Сондай-ақ, Алатау баурайында үш дүркін Олимпиада чемпионы (2018,2022), әлемнің төрт дүркін жеңімпазы (2015, 2016, 2018, 2022), 1500 метрге жүгіруден әлемнің қазіргі рекордшысы Чой Минджонг сынға түседі.
2022 жылғы Бейжің Олимпиадасының үш дүркін жүлдегері, біздің Абзал Әжіғалиевті жүлдеден қаққан канадалық Стивен Дюбуа турнирдің басты жұлдыздарының бірі болмақ.
Әлемнің жеті дүркін чемпионы, 1000 метрге жүгіруден Пхенчхан Олимпиадасының алтын жүлдегері, нидерландылық Сюзан Шултинг те Алматыдағы кубоктік кезеңнің алтынына таласады. Сюзан 2021 жылғы әлем чемпионатында мүмкін болған бес алтынның бесеуін де жеңіп алғанын ұмытпау керек.
Жарыс сағат 14:00-ден бастап 18:30-ге дейін өткізіледі. Аренаға кіру тегін.