Он бес жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы

Б.Төлеуов
Б.Төлеуов
Он бес жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы
Футбол

Футболшының спорттағы карьерасы тез өте шығатыны белгілі ғой. Сол уақыт аралығында өзіңді мойындата алсаң, талант пен еңбегінің жемісі. Тек футболдағы ғұмыры ғана емес, қара жердің үстіндегі өмірі де қысқа болған бір жан бар. Оның есімі – Олег Литвиненко.

Олег қарашада дүниеге келді, қарашада кетті. Бұл жаратқанның жазулы өміріне осындайда таңқалмасқа шара жоқ.


Алғашқы қадам

Қазір біздің кейбір комментаторлар «Гоу бар жерде гол бар» деп айтып жүр ғой, дәл осы теңеу кейде Литвиненкоға көбірек келетін сияқты көрінеді. 90-жылдардың орта тұсында оның голедорлық қабілетіне таңдай қақпағандар кемде-кем болатын. Сонымен біз сөз етіп отырған футболшы Олег Литвиненко 1973 жылы 23 қарашада Шымкентте дүниеге келген. Кейіннен ата-анасы көршілес орналасқан Тараз қаласына қоныс аударады. Футболдағы алғашқы қадамы да осында басталды. Владимир Шамрин деген бапкерден тәлім алды.

Кәсіби карьерасындағы дебюті 1990 жылдың 29 сәуірі деп көрсетілген. Иә, осы күні ол жергілікті «Химик» командасының сапында КСРО чемпионатының екінші лигасында «Навбахор» клубына қарсы ойнайды. Бұл кезде Олегтің жасы бар-жоғы 16-да еді. Арада бір жыл өткенде ресми матчтағы бірінші голында соқты. Кімге дейсіз ғой? Ферғананың «Нефтяник» командасына.

Литвиененко тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш чемпионатында ойнаған футболшылардың бірі. Бұл тұста Тараздың «Химки» клубы «Фосфор» болып өзгерді. Алғашқы біріншіліктің өзінде 19 жастағы бозбала жігіт Сыздықовпен бірге команданың ең үздігі мергені болып танылды. Ал 1993 жылы «Қайраттың» даңқты бапкерлерінің бірі Леонид Остроушко жаттықтырған «Динамо» командасына ауысып, тағы да мергендігімен таныла бастады. Ол кезде Олегтен бөлек команда құрамында Азамат Ниязымбетов, Сергей Пак, Андрей Ненашев, Роман Вороговский сияқты жастар бар еді.

1994  жылы туған жеріне қайтып оралған ол Қазақстанның үздік сұрмергені атанды. Сол жылы «Тараз» біріншілікте 8-орыннан әрі аса алмаса да, Литвиненко 20 гол соқты.


«Oleg the Great»

Күннен-күнге үздік ойын көрсетіп, өзіне назар аудартпай қоймаған шабуылшыны Қазақстан олимпиадалық құрамасының бас бапкері Сергей Гороховодацкий құрамаға шақырды. «Олимпиада-96» бірінші іріктеу кезеңінде Қазақстан олимпиадалық құрамасы Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан құрамаларымен кездесті.  Өз тобында қарсылас шыдатпаған Қазақстан олимпиадашылары екінші іріктеу кезеңіне өтті. Сондай-ақ, осы тоғыз ойында 10 гол соққан Олег Литвиненко өзіне артылған сенімді толығымен орындады десе де болады.

Сол тұста шетелік БАҚ-та біздің футболшы жайлы көптеген мақалалар жазылды. «Oleg the Great» («Ұлы Олег») деп талантына қол соққандар жетерлік. Еңбегі еленіп, 95-жылдың қазан айында Азия футбол қауымдастығы оны Азияның осы айдағы үздік футболшысы деп таныды.


«Елімайдағы» жұлдызды сәт

Жоғары да жазғанымыздай 1995 жыл Литвиненко үшін шынымен сәтті маусым болды. Олимпиадалық құрамада ғана емес, клубтағы карьерасы да кісі қызығарлықтай еді. «Тараздан» Семейдің «Елімайына» ауысқан шабуылшы бұл команда сапында тұңғыш рет Қазақстан чемпионаты мен Қазақстан кубогында жеңіске жетті.

Кейіннен 1998 жылы «Елімаймен» екінші рет Қазақстан чемпионатында топ жарды. Өзі біріншіліке 23 ойынға қатысып, 23 гол соқты. Бұл тәуелсіз Қазақстанның жаңа абсолютті рекорды еді.


Ұлттық құрама

Құрамаға алғаш 1995 жылы шақырылды. Бұл кезде еліміздің бас командасы Азия чемпионатының іріктеу кезеңінде Сирия мен Катар құрамаларымен бір топқа түскен болатын.   Олег ұлттық құраманың алғашқы ресми ойыны Катар құрамасына қарсы кездесуде 70-минут өнер көрсетті. Осыдан соң,  жаттығу кезінде режимді бұзғаны үшін ұлттық құрамадан біраз уақытқа аластатылды. Тек 1997 жылдың күзінде Қытаймен болған жолдастық кездесуден бастап, қайта шақырылды.Бірақ 4 қазан күні Алматыда Жапониямен болған ойынның 58-минутында жарақат алып, алаңды тастап кетуге мәжбүр болды. Бұл жарақаттан маусымның аяғына дейін жасыл алаңға жолай алмады.

Одан соң Воит Талгаевтың тұсында 2000 жылы Литва, Иордания құрамаларына қарсы ойында мергендігімен көзге түсті. Азия чемпионатының финалдық раундына жолдары түспеген Қазақстан келесі жылы Вахид Масудовтың жаттықтыруымен екінші рет әлем чемпионатының іріктеу кезеңдеріне қатысты. Топтық кезеңде Непал, Макао, Ирак құрамалары бізге қарсылас атанды. Бірақ, Непал мен Макаоның қарсылас  болып жарытқаны шамалы. Ал Иракпен екі ойында тең түстік. Алматыда өткен кездесу тіптен жанкүйер қауымның әлі күнге есінде. «Орталық стадионға» жиналған көрермен 30-минутта Олегтің орындауындағы әдемі голдың куәсі болды. Асхат Қадырқұловтың пасынан кейін айналдырып теуіп, есепті ашты. Бірақ, араға 10-минут салып, Хайдар Маджи есепті теңестіріп, келесі кезең жолдамасын Иракка сыйлады. Негізі екі елдің құрамасының жинаған ұпайлары тең болғанымен, соққан доптарының саны бойынша Ирактың көші бізден жоғары болып еді...

Оның өмірінде тәтті күндермен қатар қиындықтарда көп болды. Екі бірдей клубпен келісімшарт жасасқанын біліп қойған Азия футбол қауымдастығы 1999 жылы бір жылға футолдан аластқаны бар. Осы оқиға оның өміріне қатты әсер еткені соншалық,  көп уақытын ащы сумен өткізіп жүрді.

Олегтің Кипрдің  «Эрмис» командасында да өнер көрсеткені бар. Бірақ ол жақта жолы болды деп айту қиын. Бар жоғы тоғыз ойын өткізіп, бір гол соқпағаны мерген шабуылшының жанына батқаны ақиқат.

Көптеген футболшылар үлкен спорттағы карьерасын аяқтайтын тұста, өзі туған жеріне оралып жатады ғой. Литва да өмірінің соңғы күндерін өзін тәрбилеген «Тараз» сапында өткізді.

2007 жылы 18 қараша күні оның өлі денесі табылды. Ресми мәлімметтер бойынша, футболшы өз-өзіне қол салғаны анықталды. Бірақ шын айқат бір аллаға ғана аян. Сондықтан нақты бірдеңе айту қиын шығар. Бір анығы, футболсүйер қауым таланатты шабуылшыдан ерте айырылып қалды.

Соның алдында режим бұзбай, жаттығудан қалмай жүрсе, 35-37 жасқа дейін ойнауға болатынын айтып сұхбат беріп еді. Бірақ амал нешік, Литвиненконың жүрегі 34 жасқа толуына 4 күн қалғанда тоқтады.

 

Олег Литвиненконың жетістіктері:

Қазақстанның 2 дүркін чемпионы (1995, 1998 жылдары)

Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері (1996 жылы)

Қазақстан Кубогының иегері (1995, 2000, 2002 жылдары)

Қазақстан чемпионатының бас мергені (1994, 1998 жылдары)

Қазақстан құрамасы сапында 28 ойын өткізіп, 6 гол салды. Ел чемпионатында 148 голдың авторы атанды. Жалпы Қазақстан чемпионатын,  ұлттық құрама, Қазақстан кубогында соққан голдарының барлығын есепке алғанда – 183.