Әлихан Өмірбеков: “Ұлттық құраманың негізгі тізіміне енбесем, жұмыс істеуді тоқтатпаймын”

Әлихан Өмірбеков: “Ұлттық құраманың негізгі тізіміне енбесем, жұмыс істеуді тоқтатпаймын”
Хоккей

Биыл хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасына көптеген жас ойыншылар алғаш рет шақырту алды. Солардың бірі - шабуылшы Әлихан Өмірбеков. Биыл “Номад” сапында Қазақстан чемпионы атанған форвард BasSport.kz сайтына элиталық дивизиондағы әлем чемпионатына дайындық қалай жүріп жатқанын айтып, командаға шақырту алғандағы әсерімен бөлісті. 

- Бізге WhatsApp-тағы группаға ұлттық құрамаға шақырту алғандардың тізімін жіберді. Жалпы, Өзбекстандағы соңғы ойыннан кейін бапкерлер командада (“Номад” - ред.) ұлттық құрамаға кандидаттар бар екенін айтты. Сол кезде шамамен кімнің баратынын білдік. 

- Биыл Универсиадада ел намысын қорғадың. Енді алғаш рет негізгі ұлттық құрамаға шақырту алдың. Роман Старченко, Евгений Рымарев сынды спортшылармен бірге жаттығып жүрсің. Қандай әсердесің?

- Иә, олар деңгейі өте жоғары, шеберліктері мол ойыншылар. Қалай жаттығатындарын көріп жүрміз. Көп пайдалы нәрсе аласың. Бірақ барлығы өзіміз сияқты адамдар болғандықтан, қиын әрі ерекше ештеңе жоқ.

- Оңтүстік Кореямен екі жолдастық кездесу Өткіздік. Екіншісінде өзің ойнап, дубль авторы атандың. Әрине, жолдастық кездесу ресми матч емес. Дегенмен, ұлттық құраманың жейдесінде гол соғу ерекше әсер сыйлаған шығар... Қобалжу болды ма?

- Кәдімгі матч сияқты шығып, барымызды салып ойнадық. Әрине, басында қобалжу болды. Бірақ, ойын басталғаннан кейін бәрі лезде ұмытылды.

- Оңтүстік Кореямен өткізген екі жолдастық кездесудің алғашқысында Аңсар Шайхмедденов, Дінмұхамед Қайыржан сияқты ойыншыларға мүмкіндік берілді. Бірақ олар өздерін жақсы көрсетті деп айта алмаймыз. Өйткені, гол соғып, пас берген жоқ. Ал екіншісінде саған мүмкіндік берілді, сен бірден дубль жасадың. Осылардан кейін бір-біріңе басқаша көзбен қарау деген сияқтылар болмай ма?

- Жоқ, ондай жоқ. Бәріміз жолдастық кездесулер екенін жақсы білеміз. Ал Ресей және Беларусь құрамаларына қарсы матчтар шешуші рөл ойнайды.

- Қазір ұлттық құрамамен оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатқан ойыншылар көп. Әлем чемпионатына кімнің баратыны, кімнің бармайтыны белгісіз. Өзің негізгі құрамға ілінбей қалған жағдайда не істейсің?

- Ұлттық құрамаға алмаса, әрі қарай жұмыс істеуді жалғастыра беремін. Өйткені, келесі маусым бар. Мақсат көп.