Жібек Құламбаева WTA турнирінің чемпионы атанды
gettyimages.com
Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева словениялық Вероника Эрьявецпен жұптасып, Колумбияның Сопо қаласында өткен WTA 125 санатындағы турнирдің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Bassport.kz ҰОК-ге сілтеме жасап.
Жұптық сындағы финалда Құламбаева мен Эрьявец чехиялық Лора Самсон және словениялық Тамара Зиданшекке қарсы ойнады.
Тартысты өткен кездесуде қазақстандық-словениялық жұп алғашқы сетте 5:7 есебімен жеңілгенімен, екінші партияда 6:2 есебімен басым түсті. Ал шешуші тай-брейкте 14:12 есебімен жеңіске жетіп, чемпиондық атақты иеленді.
Матчтың қорытынды есебі – 5:7, 6:2, 14:12. Кездесу 1 сағат 40 минутқа созылды.
Айта кетейік, Жібек Құламбаева мен Вероника Эрьявец турнир барысында австралиялық Теника Макгиффин мен Александра Осборнды 6:2, 6:2 есебімен жеңді. Кейін екінші нөмірмен тіркелген америкалық Рашида Макаду мен Анна Роджерсті 6:1, 7:5 есебімен жарыс жолынан шығарды.
Турнирдегі жеңісі үшін Құламбаева мен Эрьявец 6000 АҚШ доллары көлеміндегі жүлде қорын өзара бөлісіп, әрқайсысы WTA рейтингінде 125 ұпайдан еншіледі.