Танымал қазақстандық шахматшы әлемдік рейтингіде үздік төрттікке енді
instagram.com/bibisarachess/
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әйелдер арасындағы әлемдік live-рейтингте төртінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл жетістікке ол Будапешт қаласында өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot турниріндегі сәтті өнерінің арқасында қол жеткізді.
ChessBase басылымының 13 қарашада жариялаған мәліметіне сәйкес, топтық кезеңдегі төрт партиядан кейін Асаубаева өз рейтингін 11,4 ұпайға арттырған.
Жарыстың алғашқы кезеңінде қазақстандық шахматшы америкалық гроссмейстер Уэсли Соға қарсы екі партия өткізіп, екеуін де тең нәтижемен аяқтады.
Одан кейін Үндістанның мықты шахматшыларының бірі Арджун Эригайсимен кездесіп, екі партияның бірінде жеңіске жетсе, екіншісінде қарсыласына есе жіберді.
Әсіресе, Бибісараның қара фигуралармен ойнап, ескі үнді қорғанысын қолданған партиядағы жеңісі ChessBase сарапшыларының ерекше назарын аударды.
Айта кетейік, әлемдік live-рейтингтегі төртінші орын топтық кезеңнің екінші ойын күнінен кейінгі көрсеткіш болып саналады. Бұл әзірге Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) ресми рейтингі емес.
Дегенмен, аталған нәтиже қазақстандық шахматшының әлемнің үздік ойыншыларымен жоғары деңгейде бәсекеге түсе алатынын тағы бір мәрте көрсетті.