Шавкат Рахмонов октагонға қашан оралады
ММА
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов 2027 жылдың сәуір айында UFC октагонына қайта оралуы мүмкін, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы «Вестник ММА» Telegram-арнасы мәлімдеді. Дереккөздің хабарлауынша, қазақстандық спортшының жекпе-жекке нақты қашан шығатыны оның физикалық дайындығына және жаттығу жүктемесін арттырған кездегі ағзасының жағдайына байланысты болмақ.
Бұған дейін ресейлік журналист Игорь Лазорин Рахмоновтың тізесіндегі жарақаты қайта асқынбағанын және қазіргі уақытта денсаулығына қатысты ешқандай мәселе жоқ екенін хабарлаған еді. Оның айтуынша, қазақстандық файтер жаттығуларын жалғастырып жатыр.
Сонымен қатар 2027 жылы Қазақстанда UFC турнирін өткізу мүмкіндігі де қарастырылып жатқаны белгілі болды.
Лазориннің сөзінше, бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Еске сала кетейік, Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында өткізді. Ол ирландиялық Иэн Мачадо Гэрриді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңген болатын.
Қазіргі уақытта 32 жастағы қазақстандық спортшы кәсіпқой мансабында 19 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Рахмонов әлі бірде-бір рет жеңіліс таппаған.
Әзірге UFC тарапы оның келесі жекпе-жегінің нақты күнін және қарсыласын ресми түрде жариялаған жоқ.
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов 2027 жылдың сәуір айында UFC октагонына қайта оралуы мүмкін.