Қазақстан азаматтығын алған ресейлік спортшы хейтерлеріне жауап берді
Тау шаңғысы спортынан Ресейдің абсолютиті чемпионы Александра Скороходова азаматтығын ауыстырып, енді Қазақстан намысын қорғайтыны хабарланған. Енді 16 жастағы спортшы Қазақстан азаматтығын алуына қатысты өз ойын айтып, хейтерлеріне жауап берді, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі.
"Бұл постты жазуды кейінге қалдырып жүргенмін, алайда барлық нәрсенің нүктесін қоятын сәт жеткен сияқты. Соңғы уақытта көптеген пабликтер менің азаматтығымды ауыстырып, енді өзге елдің намысын қорғайтыным туралы көп жазып жүр. Қазақстан халқы, жалпы біраз адам бұл жағдайға әртүрлі көзқараспен қарады. Оң пікір жазған барша жанға шексіз алғысымды білдіремін. Халықаралық деңгейде БІЗДІҢ еліміздің намысын қорғай алатыныма қуаншытымын.
Ал теріс пікір білдіргендердің өз себептері бар болар. Direct-ке келіп түскен ең танымал екі сұраққа жауап берейін. Біріншісі: "Қазіріг саяси жағдайға көзқарасың қандай?"
- Бір ғана нәрсе айта аламын. Мен әлемде бейбітшілік болғанын қалаймын. Жақын уақытта сол күн де туады деп үміттенемін. Екінші сұрақ: "Саяси жағдайлар аяқталған соң, Ресейге қайта ораласың ба?".
- Өкінішке қарай немесе қуанышқа орай, енді мен Ресей үшін өнер көрсетпеймін. Тек Қазақстанның намысын қорғап, жеңістерімді осы елге арнап, сыйлаймын.
Сонымен қатар, Қазақстанда таң шаңғысы дамымайды, бұл спорт түрімен айналысатын жандар жоқ деп жазғандар бар. Қазақстанда талантты Александра Троицкая бар. Ол ел намысын Олимпиада ойындарында және өзге де жарыстарда абыроймен қорғап жүр. Ол да биік нәтижеге қол жеткізу үшін барын салуда. Қазіргі таңда ол Америкадағы Универсиадада бақ сынап жатыр. Ал мен 20-24 қаңтар күндері Аустриядағы World Junior Championships турниріне қатысамын.
Бастысы мен өзіме және еліме пайдасын тигізетін сүйікті ісіммен айналысамын. Өзіме ұнайтын елдің намысын қорғаймын және Алматыда уақыт өткізгенді қатты жақсы көремін", - деп жазды Александра Скороходова "Instagram" парақшасында.