Ресей құрамасы Қазақстанда өтетін турнирге қатысуы мүмкін
Шайбалы хоккейден Ресей ұлттық құрамасы келер жылдың сәуір айында Қазақстанда өтетін халықаралық турнирге қатысуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан хоккей федерациясының бас директоры Глеб Каратаев мәлімдеді, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі "ТАСС" ақпараттық порталына сілтеме жасап.
15-18 желтоқсан күндері Қазақстан, Ресей және Беларусь құрамалары Мәскеуде өткен "Бірінші арна кубогында" бақ сынады.
"Осыған ұқсас турнирді 2023 жылдың сәуір айында Қазақстанда турнир өткізу жоспарда бар. Ол ұлттық құрамамыздың әлем чемпионатына дайындығының бір кезеңі болмақ", - деді Глеб Каратаев.
Еске салайық, хоккейден топ-дивизиондағы 2023 жылғы әлем чемпионаты 12-28 мамыр күндері Латвияның Рига және Финляндияның Тампере қалаларында өтеді. Қазақстан ұлттық құрамасы В тобында Канада, Чехия, Латвия, Норвегия, Словакия, Словения және Швейцария командаларымен сынға түседі.