Ташкенттегі IBA NOMAD 16 турнирінде 13 қазақстандық жекпе-жек өткізеді

Ташкенттегі IBA NOMAD 16 турнирінде 13 қазақстандық жекпе-жек өткізеді
Жекпе-жек

x.com/ZhakoZhumagulov

Ташкентте IBA NOMAD 16 халықаралық жекпе-жек турнирі өтеді. Аталған додада қазақстандық танымал спортшылар Жалғас Жұмағұлов пен Мұратбек Қасымбай рингке қайта оралады, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап. 

Турнир аясында ММА қолғаптарымен бокс ережесі бойынша 16 жекпе-жек ұйымдастырылады. Жарысқа барлығы 32 спортшы қатысады. Олардың 13-і Қазақстанның, 10-ы Өзбекстанның, алтауы Ресейдің, екеуі Тәжікстанның және біреуі Қырғызстанның намысын қорғайды. Алдын ала жекпе-жектерде жеті қазақстандық спортшы өнер көрсетеді. Олардың қатарында Ақжол Жолдасбаев, Нұржан Серікбаев, Ұлан Нұрғали, Азамат Бақытов, Тазабек Баянов, Қанат Құлмағамбетов және Upu4uk Show лақап атымен танымал блогер Әділет Айтжанов бар. Ал негізгі кардта қазақстандық жанкүйерлер асыға күткен алты жекпе-жек өтеді. Олардың ішінде ММА әлемінде танылған Жалғас Жұмағұлов пен Мұратбек Қасымбайдың кездесулері ерекше қызығушылық тудырып отыр. Жалғас Жұмағұловтың аралас жекпе-жектегі көрсеткіші – 19 жеңіс, 9 жеңіліс, бір тең нәтиже және бір нәтижесіз аяқталған кездесу. Сондай-ақ ол кәсіпқой бокста және IBA NOMAD турнирінде бір-бір жеңіске қол жеткізген. Мұратбек Қасымбайдың ММА-дегі көрсеткіші – 13 жеңіс және 4 жеңіліс. Ал IBA NOMAD аясында бір рет жеңіске жетіп, бір мәрте жеңілген. Сонымен қатар негізгі кардта Торғынбек Әміров пен Дастан Бекен де шаршы алаңға шығады. Екі спортшының да кәсіпқой бокста және жалаң жұдырық жекпе-жектерінде тәжірибесі бар. Турнирде екі чемпиондық белбеу сарапқа салынады. Жартылай жеңіл салмақта Ернар Хусаинов чемпиондық атақ үшін жұдырықтасады. Ал кештің басты жекпе-жегінде ауыр салмақтағы чемпиондық белбеу үшін Бекжан Бакиров өнер көрсетеді. IBA NOMAD 16 турнирінің алдын ала жекпе-жектері Қазақстан уақытымен сағат 17:00-де басталады. Барлық кездесуді ұйымдастырушы лиганың ресми YouTube арнасынан тікелей эфирде тамашалауға болады.