UEFA «Қайрат» қақпашысы Анарбековтің сейвін турдың үздік 5 оқиғасына қосты

UEFA «Қайрат» қақпашысы Анарбековтің сейвін турдың үздік 5 оқиғасына қосты
Футбол

«Қайрат» футбол клубы

UEFA-ның ресми медиақызметі алматылық «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбековтің қайтарған пенальтиін Конференция лигасы жалпы кезеңінің алғашқы турындағы ең үздік 5 сейвтің қатарына қосты, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап. 

22 жастағы қазақстандық қақпашының пенальтиден тепкен соққыны қайтарған сәті түсірілген видео еуропалық турнирдің ресми әлеуметтік желілерінде жарияланды. Отандық жас дарынның қатысуымен болған ерекше оқиға латвиялық «Рига» клубына қарсы өткен сырт алаңдағы матчтың 28-ші минутында, есеп 1:1 болып тұрған сәтте болды. Алматылық ұжымның қақпасына 11 метрлік айып соққысы белгіленгенімен, Темірлан Анарбеков доптың бағытын дәл тауып, алаң иелерінің шабуылшысы Мухаммед Бадамосидің тепкен добын қағып алды. Бұл суперсейв «Қайратты» жеңілістен құтқарып, еурокубоктың старттық матчында 1 маңызды ұпай еншілеуге мүмкіндік берді. Қайтарылған пенальтиден бөлек, Анарбеков бұл ойында тағы 6 рет қарсыластың қауіпті соққысына тосқауыл болды. Кездесу қорытындысы бойынша халықаралық беделді сараптамалық Sofascore порталы Темірланды матчтың ең үздік ойыншысы деп танып, оған жоғары 8.6 баллдық баға берді – бұл қос команда футболшыларының ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Естеріңізге сала кетейік, Анарбеков Еуропадағы болашағынан үлкен үміт күттіретін жас қақпашылардың бірі екенін тұрақты түрде дәлелдеп келеді. 2026 жылдың басында UEFA жариялаған ресми статистикада ол өткен маусымда жасаған сейвтерінің жалпы саны бойынша Чемпиондар лигасының ең үздік 3 қақпашысының қатарына енген болатын.