Қарапайым Макрон: Франция президенті ойыншылармен бірге жартылай финалдағы жеңісті тойлады
Футболдан Катардағы әлем чемпионатының екінші жартылай финалдық матчынан, Франция мен Марокко құрамалары арасындағы ойыннан кейін Франция президенті Эммануэль Макрон жеңісті ойыншылармен бірге тойлады, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі.
2022 жылғы әлем кубогы финалының жолдамасы сарапқа салынған матчты Эммануэль Макрон стадионның VIP-аймағынан көріп, Франция Марокконы 2:0 есебімен жеңгеннен кейін киім ауыстыратын бөлмеге түсіп, құраманың қатарынан екінші рет финалға шығуын бірге тойлаған.
"Мен өз еліммен мақтанамын. Өте бақыттымын. Франция халықының осы сәттен, осы жеңістен ләззат алғанын қалаймын. Үшінші рет әлем чемпионы атануларыңызға тілектеспін", - деген Эммануэль Макрон.
Осы тұста Франция биылғы Мундиальда жеңімпаз атанса, әлем чемпионаты тарихында чемпиондық атағын қорғап қала алған үшінші құрама болатынын айта кетейік. Бұл жетістікке тек Италия (1934, 1938) мен Бразилия (1958, 1962) құрамалары қол жеткізген.
Сондай-ақ, инсайдер Фабрицио Романо Макронның Марокко құрамасы киім ауыстыратын бөлмесіне барғанын жазды.
"Франция президенті Эммануэль Макрон ойыннан кейін Марокконың киім ауыстыратын бөлмесіне барып, Софьан Амробатқа оның турнирдегі ең үздік жартылай қорғаушы болғанын айтты", - деп жазды Фабрицио Романо өз Twitter парақшасында.
Been told France president Emmanuel Macron has visited Morocco’s dressing room after the game and told Sofyan Amrabat that he has been “the best midfielfer of the tournament” in front of all the squad. ???? #Qatar2022 pic.twitter.com/Ya9dOlB7u8
— Fabrizio Romano (@FabrizioRomano) December 14, 2022
Франция құрамасы чемпиондық атағын қорғап қалу үшін Аргентинамен сынға түсетінін, екі құрама арасындағы ойын 18 желтоқсан күні өтетінін еске сала кетейік.