«This time for Africa». Шындыққа айналған Шакираның әні

«This time for Africa». Шындыққа айналған Шакираның әні
Футбол

Бұл әлем чемпионаты басқа Мундиальдардан өзгерек. Оған турнирде болып жатқан сан түрлі жанжал себеп емес. Әлем чемпионаты тұңғыш рет араб әлемінде өткізіліп отыр. Оған қоса, Марокко құрамасының жартылай финалға дейін жетуі турнирді ғажап бір ертегіге айналдырғандай. BasSport.kz тілшісі Шакираның 2010 жылы шырқаған әні қалай шындыққа айналғаны туралы жазып көрді. 

Бұған дейін ешбір араб не африкалық елдердің ұлттық құрамалары жүлде үшін жарысып көрмеген. Ал Марокко болса, биыл Хорватиямен қола үшін бақ сынаспақ.

Ал Марокконың жеңісі мен жетістігі бүкіл әлемдегі мұсылман халқының бірлігін көрсетті. Қарапайым жанкүйерлер де, діні мұсылман аяқдопшылар да Мароккоға қолдау көсетіп, шын тілекші болған. Мәселен, түбі түріктен тамыр тартатын неміс футболшысы Месут Озил:

«Марокконы мақтан тұтамын. Өйткені, бұл құрама күллі мұсылман әлемі үшін үлкен жетістікке қол жеткізді», - деп айтты.

Алжирлық футболшы Рияд Марез Марокко жетістігі туралы келесідей пікір білдірді:

«Бұл жетістік арабтар мен африкалықтарға үлкен мақтаныш сезімін сыйлайтыны анық. Португалиялық достарым бола тұра, мен Мароккоға жанкүйермін».

«Манчестер Ситиде» өнер көрсететін Рияд Марез бұл сөзі арқылы әріптестері Диаш, Канселу мен Силваны нұсқады.  

Марокко патшасы VI Мұхаммедті телефон арқылы Габон, Палестина мен Иордания президенттері құттықтады. Патшаның өзі Марокко астанасы Рабат көшесіне жиналған жанкүйерлермен бірге ұлттық құраманың жеңісін тойлады.  

Мароккоға футбол үшін емес, демалыс үшін сапар шеккен туристердің бірі 1 желтоқсан күні Касабланкадан Рабатқа, әрі қарай Шефшаунға жету үшін жолға шығады. Ал қыстың алғашқы күнінде Марокко құрамасы Канаданы жеңіп, плей-офф кезеңіне жолдама алған болатын. Турист жолда көргенімен бөлісіп:

«Бүгін қай командалар ойнағанын білмеймін. Бірақ, марокколықтар африкалық командалардың ойынын жібермей көреді. Бір қаладан екінші қалаға барар жолымызда бір кафе бар екен. Іші адамға лық толы, кей жанкүйер өз орындығымен келіп орын алып жатты, ал матчтың басталуына әлі 1,5 сағат уақыт болды. Кішкентай ауыл арасы арқылы кетіп бара жатқанымызға қарамастан, полицейлер кері қайтарды. Сөйтіп, басқа жолмен кеттік. Бірақ сонда да жеңіс тойлап жүрген жанкүйерлерді көрдік. Марракеш (Марокко қаласы – ред.) жанынан өтіп бара жатқан кезімізде, көшеде телефоннан матч көріп, жанкүйер болып отырған аталарды көрдік. Біздің автобус жүргізушіміздің өзі жол бойы матч қарады. Шынын айтқанда, межелеген жерімізге жететінімізге күмән болды. Жанымыздағы марокколық-гид қазір халықтың фильм мен телехикаялардың орнынан тек футбол көретінін айтты», - деді. 

Бұл қуаныш ұлттық құрама ойыншыларынан да сезіледі. Жартылай қорғаушы Софьян Буфаль жартылай финалға жолдама алғаннан кейін, жасыл алаңда анасымен билеген.

Ал команданың бас бапкері Валид Реграги еуропалық топ-клубтар араб елдерінен шыққан мамандарға сенім артпайтынын айтқан:

«Барселона» немесе «Манчестер Юнайтед» сияқты командалар бас бапкердің қызметін атқаруға араб елінен шыққан маманды шақыратынына сену түгілі, елестетудің өзі қиын. Олар біз мұндай қызметтерге лайық еместей көреді».  

Осы тұста Реграги Марокко құрамасының тзігінін әлем чемпионатының басталуына екі-ақ ай қалғанда ұстағанын еске сала кетейік. Ал ол кезде марокколықтар Мундиальға жолдама алып қойған болатын. Сөйтіп, биылғы әлем чемпионатында бақ сынаған 5 африкалық команданың бесеуін де жергілікті бапкер баптады. Бір ғана мысал келтіре кетейік. Сенегалдың бас бапкері Алиу Сисе болды. Тізімді Валид Реграги толықтырып, әрі қарай жалғаса береді.  

2022 жылғы әлем чемпионаты сыйлаған патриоттық сезімнің кереғар тұстары да болып отыр. Франция, Бельгия сында елдерде жанкүйерлер арасында қақтығыстар туындап, қайғылы жағдаймен аяқталып жатқандары да бар. Марокконың Мундиальдағы жетістігі африкалық әуекомпанияның Франциямен болар жартылай финалдық матчынан бұрын Катарға 30 жаңа рейсті жоспарлауына әсер еткен.  

Сөйтіп, төрткүл дүниеге танымал әнші Шакираның 2010 жылы «This time for Africa» («Бұл – Африка уақыты») деп шырқаған әні араға 12 жыл салып шындыққа айналды. Марокконың Франциядан жеңіліс тапқанына және қола жүлде үшін талас қалай аяқталатынына қарамастан, Африканың жарқырайтын сәті, расымен, туды.