Франция - Марокко матчынан кейін 14 жастағы бозбала көз жұмды
Катардағы әлем чемпионатының Франция мен Марокко құрамалары арасындағы жартылай финалдық кездесуінен кейін (2:0), 14 жастағы бозбала көз жұмды, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі.
Францияның Монпелье қаласында ұлттық құраманың финалға жолдама алуын тойлап жатқан жанкүйерлер мен этникалық марокколықтар арасында қақтығыс орын алып, көлік жүргізушісі 14 жастағы жасөспірімді қағып кеткен. Бұл ақпаратты қалалық билік өкілдері ресми түрде растады.
"Сәрсенбі күні кешке Монпельеде әлем чемпионатының жартылай финалдық матчынан кейін автокөлік жүргізушісі жасөспірімді қағып кетті. Бірер сағаттан кейін бозбала ауруханада көз жұмды", - деп жазылған ресми мәлімдемеде.
Франциялық жанкүйерлер отырған көлікке белгісіз адамдар келіп, терезеден шығып тұрған Франция жалауын жұла бастаған. Осы сәтте көлікті кілт қозғалтқан жүргізуші 14 жастағы жасөспірімді қағып кеткен. Жанкүйерлер арасындағы қақтығыс салдарынан көз жұмған бозбаланың этникалық марокколық екені анықталды.
Франция құрамасы Марокконы 2:0 есебімен жеңіп, финалға жолдама алғанын еске сала кетейік. Әлем кубогының иегері анықталатын Аргентина - Франция арасындағы матч 18 желтоқсан күні Астана уақытымен 21:00-де басталады.