Месси сынаған төреші әлем чемпионатынан қуылды
Футбол
Футболдан әлем чемпионатының ширек финалының Нидерланд пен Аргентина құрамалары арасындағы матчта төреші болған Антонио Матеу Лаос жаһан біріншілігінің қалған ойындарында қызмет етпейді, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі cope.es сайтына сілтеме жасап.
Испаниялық төреші Нидерланд - Аргентина матчының негізгі уақытында 12 сары қағаз берген. Ал бұл екі команданың да ойыншыларында наразылық тудырған, төреші тіпті пенальти соққылары кезінде де ескерту жасаған.
Жартылай финалға жолдама беретін матчтың негізгі уақыты 2:2 есебімен аяқталып, оңтүстік америкалықтар пенальти сериясында 4:3 есебімен жеңіске жетті.
Антонио Матеу Лаос биылғы Мундиальда Катар - Сенегал (1:3) және Иран - АҚШ (0:1) матчтарында төрелік еткен болатын.