Роналдудың орнын басқан Гонсалу Рамуш

Роналдудың орнын басқан Гонсалу Рамуш
Футбол

Катардағы футболдан әлем чемпионатының ширек финалы жолдамасы үшін болған ойында Португалия Швейцарияны 6:1 есебімен ойсырата жеңді. Португалдықтар соққан алты голдың үшеуі Гонсалу Рамушқа тиесілі. Бірінші рет алғашқы минуттан бастап алаңға шығып, bassport.kz тілшісі оқырманын Роналдудың орнын басқан 21 жастағы футболшымен таныстырып көруге тырысты. Рамуш матчтан кейін берген сұхбатында:

- Тіпті, не айтарымды білмей тұрмын. Бастапқы құрамдағы бірінші матч және бірден үш гол. Сене алар емеспін. Алғашқы минуттан бастап алаңға шығар-шықпасымды білмеймін, - деді. 

Хет-трик авторына Роналду туралы да сұрақ қойылған. Оған Рамуш:

- Криштианумен қарым-қатынасымыз жақсы. Ол бәрімен бірдей араласады. Криштиану Роналду - біздің капитанымыз және ол бәріне әркез көмектесуге әзір, - деп жауап берді. 

Гонсалу Эйсебионың дәуірінен бері әлем чемпионаты плей-офф матчтарында бір голдан көп соққан алғашқы португалиялық ойыншы. Ал Швейцарияға қарсы болған ойынға дейін ол әлем чемпионаты матчтарында тек 10 минут өнер көрсеткен. Оның 2 минуты Ганаға қарсы, ал 8 минуты Уругвайға қарсы болған матчта. Оңтүстік Кореямен болған ойында матчты қосалқы құрам қатарынан ғана тамашалады.

Тағы бір қызығы, Гонсалу Рамуш ұлттық құрама сапына әлем біріншілігіне аз уақыт қалғанда қосылғандардың бірі. Фернанду Сандуш оны Португалия ұлттық құрамасының сапына қарашада ғана қосып, Нигерияға қарсы жолдастық ойында (17 қараша) Рамуш гол соғып, Жоау Мариуға пас берді. Ал Швейцарияға қарсы матч - оның халықаралық деңгейде өнер көрсеткен алғашқы ойыны. Рамуш құрамаға жалғыз қосылған жоқ, оның жанында тағы бір жас талант Антонио Силва болды. Бас бапкер:

“ Олар менің ойымдағы әрекеттерді жасайды. Біреуі гол соқса, екіншісі қарсыластың гол соғуына кедергі келтіреді. Екеуі де өз позицияларының үздіктері”, - деп баға берді.


21 жастағы форвардты Криштиану Роналдумен емес, Томас Мюллерге ұқсатып, салыстырады. Өйткені, Рамуш қарсылас қорғанысындағы осал тұстарды дәл тауып қоймай, әріптестеріне гол соғуға да көмектеседі. Сонымен қатар, Гонсалу әлем чемпионатындағы алғашқы матчында үш гол соға алған тарихтағы екінші ойыншы. Бұған дейін неміс футболшысы Мирослав Клозе 2002 жылғы Мундиальдың плей-офф ойынында Сауд Арабиясына үш гол соқса, араға 20 жыл салып Гонсалу Рамуш осы жетістікті Швейцарияға қарсы ойында қайталады. Ал енді ойыншының өзіне тоқталайық. 

Гонсалу Рамуш кім? 

Гонсалу Рамуш - “Бенфика” футбол клубының орталық шабуылшысы. Ол - “Ферансенің” экс-шабуылшысы Мануэль Рамуштың ұлы. Кіші Рамуш футболға деген махаббатының оянуына әкесі себепкер екенін айтады. 13 жасында “Бенфиканың” футбол академиясына келген Рамуш жасындай жарқырады. Әр маусымдарда Гонсалу өз командасының үздігі атанды. Сондай-ақ, ол Португалияның 17 және 19 жасқа дейінгі жастар құрамаларында сәтті өнер көрсетті. 2019-2020 жылдар маусымында негізгі команда құрамына өткенімен, биыл ғана оның тұрақты ойыншысына айналып, чемпионатта 6 гол соғып, команданың үздік сұрмергеніне айналды. Гонсалу Рамушты осы Мундиальдің жарық жұлдыздарының біріне айналуы әбден мүмкін.