Надежда Морозова Төрт құрлық чемпионы атанды

Надежда Морозова Төрт құрлық чемпионы атанды
Қысқы спорт

Конькимен жүгіру спортынан Канаданың Квебек ақаласында өтіп жатқан Төрт құрлық чемпионатында қазақстандық спортшылар ел қоржынына тағы үш медаль салды, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі. 

Әйелдер арасында 1500 метрге жүгіру сынында Қазақстан құрамасы 1 алтын мен 1 күміс жүлдені қанжығаға байлады. Қашықтықты 1 минут 56 секундта жүгіріп өткен Надежда Морозова жарыс жеңімпазы атанып, турнирдегі екінші медаліне қол жеткізді. Бұған дейін оның 3000 метр қашықтыққа жүгіруде күміс медаль жеңіп алғанын хабарлағанбыз.

Қазақстан құрамасындағы ең тәжірибелі спортшылардың бірі Екатерина Айдова 1500 метр қашықтықты 1 минут 57 секундта жүгіріп, күміспен күптелді. 

Ал ерлер арасындағы 1500 метрді бағындыру сынында Дмитрий Морозов күміс жүлдеге ие болды, ол мәре сызығын 1 минут 46 секундта кесіп өтті. Осы қашықтықта ел намысын қорғаған тағы бір спортшымыз Демьян Гаврилов (1 минут 48 секунд) алтыншы орынға табан тіреді.