Карим Мендиканов “Барселона” тарихындағы алғашқы қазақстандық футболшы атанды
Қазақстандық жас футболшы Карим Мендиканов каталониялық Барселона клубымен келісімшартқа қол қойды. Бұл туралы испаниялық Mundo Deportivo басылымы хабарлады.
15 жастағы вингер келесі маусымнан бастап атақты клубтың құрылымына қосылады. Ол 2022 жылы Испанияға қоныс аударып, осы уақыт аралығында жергілікті футбол мектебінде тәлім алған.
Өткен маусымда Мендиканов Серданьола клубының сапында Каталония лигасында өнер көрсетіп, өз әлеуетін байқатты. Кейін биылғы жылдың басында Сан-Кугат командасына ауысып, қысқа уақыт ішінде көшбасшылардың біріне айналды. Дәл осы кезеңде оның ойынына ірі клубтардың скауттары назар аударып, нәтижесінде қазақстандық ойыншы Барселона жүйесіне шақырту алды.
Осылайша, Карим Мендиканов каталониялық алпауыттың құрылымына қабылданған алғашқы қазақстандық футболшы атанды.