Үш медаль және жоғары нәтижелер: Қазақстан гимнастикасы үшін табысты Азиада
Қазақстан құрамасы Жапонияда өткен 2026 жылғы жазғы Азия ойындарында гимнастика түрлерінен үш медаль жеңіп алды. Милад Карими спорттық гимнастиканың еркін жаттығулар бағдарламасында күміс жүлдегер атанды. Ерлан Тасмағамбетов батутта секіруден жекелей сында қола медаль еншіледі. Ал көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасы топтық көпсайыста үшінші орын алды. Тағы бірнеше спортшымыз жүлдеге бір қадам қалғанда тоқтап, еліміздің халықаралық аренада жоғары орындарға таласа алатынын көрсетті. Мұндай жетістіктерге Қазақстанның Ұлттық гимнастика федерациясының демеушісі — Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының қолдауынсыз қол жеткізу мүмкін болмас еді.
Милад Карими — алтынға 0,066 ұпай ғана жетпеді

Қазақстандық гимнастар арасындағы ең жоғары нәтижеге спорттық гимнастикадан ұлттық құраманың көшбасшысы Милад Карими қол жеткізді. Еркін жаттығулар оның ең мықты тұсы саналмаса да, спортшы осы сында екінші орын алып, жүлде тұғырына көтерілді.
Финалда Карими 14,600 ұпай жинады. Алтын медаль 14,666 ұпай еншілеген Филиппин өкілі Карлос Юлоға бұйырды. Осылайша, қазақстандық гимнаст жеңімпаздан небәрі 0,066 ұпайға қалып қойды.
Милад спорттық гимнастикадағы әлемдік көшбасшылардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Азия ойындарының финалында ол Олимпиада чемпионына ғана есе жіберді. Юло 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында еркін жаттығулардан алтын медаль жеңіп алған.
«Әр жүлденің артында орасан еңбек жатыр. Бәсеке оңай болған жоқ. Бәрі сәтімен болды. Бірінші орынға сәл ғана жетпеді, бірақ өз міндетімді орындап, бар мүмкіндігімді көрсеттім», — деді Милад.
Карими кермедегі жаттығулардың финалында да өнер көрсетіп, төртінші орын алды. Бұл сында да қазақстандық гимнастқа қола жүлде үшін аз ғана ұпай жетпеді.
Ерлер құрамасы — Азияда төртінші

Спорттық гимнастикадан Қазақстанның ерлер құрамасы командалық көпсайыста да жүлдеге жақын болды. Жарыс қорытындысында команда төртінші орын алды. Ұлттық құрама сапында Милад Карими, Нариман Құрбанов, Ильяс Азизов, Нуртан Идрисов және Дмитрий Патанин өнер көрсетті.
Финалда қазақстандықтар 237,596 ұпай жинады. Қола жүлдеге небәрі 2,3 ұпай жетпеді. Үшінші орын алған Қытайлық Тайбэй құрамасының еншісінде 239,896 ұпай болды.
Жекелеген жаттығу түрлерінде Қазақстан құрамасы сенімді өнер көрсетті. Атап айтқанда, еркін жаттығуларда командалық финалға қатысушылар арасында үшінші нәтиже тіркеді. Ерлер арасындағы спорттық гимнастикада бәсекенің аса жоғары екенін ескерсек, бұл — елеулі көрсеткіш.
Тасмағамбетов — батутта секіруден қола жүлдегер

Қазақстанға екінші жекелей жүлдені Ерлан Тасмағамбетов әкелді. Ол батутта секіруден ерлер арасындағы жекелей сында үшінші орын алып, Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Жарыстың форматы қазақстандық спортшы үшін жаңа болды. Оның үстіне, Тасмағамбетов шешуші кезеңдерде жарақатына қарамастан өнер көрсетті.
«Неге екенін білмеймін, бүгін үшінші орын аламын деген оймен ояндым. Түсімде көргенім өңімде орындалды. Бұл жолы қиындау болды. Өйткені бізде жарыстар мұндай форматта — алдымен финал, содан кейін суперфинал түрінде өтпейді. Біраз шаршадық деуге болады. Кеше аздап жарақаттанып та қалдым. Бірақ жалпы бәрі жақсы», — деді Тасмағамбетов жүлде алғаннан кейін.
Қазақстанның тағы бір өкілі Роман Барков іріктеуде алтыншы нәтиже көрсетіп, финалға жолдама алды. Шешуші кезеңде ол сегізінші орынға тұрақтады. Әйелдер арасында Виктория Бутолина финалда өнер көрсетті. Ол суперфиналға өтіп, жарысты төртінші орынмен аяқтады.
Осылайша, батутта секіруден Қазақстан бір медаль еншіледі, ал тағы екі спортшымыз финалда өнер көрсетті.
Екі гимнаст қыз үздік бестікке енді
Қазақстандық спортшылар көркем гимнастикадан жекелей көпсайыста да жоғары нәтиже көрсетті.

Ақмарал Ерекешева жалпы есепте 108,000 ұпай жинап, төртінші орын алды. 16 жастағы гимнастқа қола жүлде үшін небәрі 1,2 ұпай жетпеді. Айбота Ертайқызы 106,200 ұпаймен бесінші орынға тұрақтады.
Топтық көпсайыстағы қола жүлде

Қазақстан көркем гимнастикадан топтық көпсайыста тағы бір медаль жеңіп алды. Жасмин Жүнісбаева, Аида Хәкімжанова, Мадина Мырзабай, Айзере Нұрмағамбетова және Кристина Чепульская қола жүлдеге ие болды.
Қазақстан құрамасы 51,550 ұпай жинады. Қытай командасы жеңіске жетсе, Жапония екінші орын алды. Ал іріктеу кезеңінде қазақстандық гимнастар сенсациялық нәтиже көрсетті: рекордтық 53,300 ұпай жинап, жарыстың басты фавориті — Қытай құрамасынан озып кетті.
Шешуші кезеңде команда жүлдегерлер қатарындағы орнын сақтап, Қазақстанға осы Азиададағы гимнастика түрлерінен үшінші медаль алып берді.
«Қыздар бұл нәтижеге жету үшін ұзақ еңбектеніп, табанды жаттықты. Барлығы өте жақсы дайындалды. Өнер көрсетуі сәтті болды: қыздар қобалжуын жеңіп, жақсы өнер көрсетті», — деп көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Лола Әділбекова шәкірттерін мақтады.
Гимнастиканың үш түрінен үш медаль
Қазақстан құрамасының бұл Азиададағы жетістігінің ерекшелігі — жүлделердің гимнастиканың үш түрінен алынуы. Спортшыларымыз бірнеше бағдарламада жоғары нәтиже көрсетті.
Спорттық гимнастикада Карими күміс жүлдегер атанып, ерлер құрамасы төртінші орын алды. Батутта секіруде Тасмағамбетов қола медаль еншіледі, ал Барков пен Бутолина финалға шықты. Көркем гимнастикада Қазақстан топтық көпсайыстан қола жүлде жеңіп алып, Ерекешева мен Ертайқызы жекелей көпсайыста үздік бестікке енді. Бұл жетістіктер қазақстандық гимнастардың алдағы халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетуіне жақсы негіз қалайды.
Азиада-2026 Қазақстан гимнастикасының бірнеше бағытта бәсекеге қабілетті екенін тағы бір мәрте көрсетті. Бұл — екі жылдан кейін өтетін жазғы Олимпиада ойындары алдындағы маңызды нәтиже.