Қатардағы чемпионат неге қызық болмай жатыр?

Қатардағы чемпионат неге қызық болмай жатыр?
Футбол

Арнайы bassport.kz сайтының оқырмандары үшін Ермұхамед Мәулен Қатардан қызықты мақала арнайды. 

Қатардағы чемпионат неге қызық болмай жатыр?

Әшейінде алғашқы турдың ойындарында көптеген дау-дамайлар, атақты адамдардың пікірі естіліп жатушы еді. Бұл жолы тіпті стадионның сыртында да оқиғалар мүлде қызықсыз. Оның басты себебі – алькогольдің жоқтығы. Бразилия мен Ресейде өткен Әлем чемпионаттарында стадион маңындағы фан-аймақтар қызып жататын. 80 мың жанкүйер стадионға кірсе, қалған 50 мың фанат стадион сыртында матч тамашалап, тойлатып жататын. Ал Қатарда мұндай фестиваль мүлде жоқ. Себебі, ешкім сыра ішпегендіктен көңіл-күйлері көтеріңкі емес. Қатар мемлекеті Әлем чемпионаты кезінде сыра сатуға тыйым салды. Өйткені, мұсылман елінің ішкі заңдары солай. Ал ФИФА жарысты өткізіп жатқан елдің ішкі заңын сыйлауы тиіс. 

0 градустық сыралар сатылғанымен, олар Еуропа мен Латын Америкасынан келген фанаттарға жұғын болып жатқан жоқ. Әшейінде әндетіп, кернейлетіп жүретін мексикалық жанкүйерлерде қазір тыныштық. Тіке ойынға барып, тіке қонақүйге қайтады. Ойын аяқталған соң тағы да 2-3 сағат әндетіп жүріп алу мүлде байқалмайды. Міне, Қатардағы Әлем чемпионаты осылай өтіп жатыр. 

Екінші мәселе жыныстық қатынас. Мұнда барлығына тыйым салынғандықтан, ақшасын төлеп ешкімді шақыра алмайсыз. Өйткені Қатар мемлекетінде мұндай қызмет көрсету орталықтары тіркелмеген. Ресми тіркелмеген. Егер өзіңіздің ресми тіркелген жұбыңыз болмаса, өзге адаммен де жақындасуға болмайды. Ол Қатар заңы бойынша қатты қорғалған. Ал кез келген Әлем чемпионаты кезінде қыздардың қызмет көрсету орталықтарының жұмысы қызып жатушы еді. Тіпті, көрші елдердің «қызметкерлері» Әлем чемпионаты болатын елге арнайы «көмекке» келетін. Бұл жолы ол да жоқ. 

Жалпы алғанда бір жағынан оқып отырған адамға оғаштау көрінгенімен, футбол болған жерде осы екі мәселе қатар жүруі тиіс. Яғни, ішімдік пен секс. 30 күн бойы бір мемлекетте Әлем чемпионаты болып жатса, оған әр жанкүйер 10 күндеп келіп жатса, әрине осы екі қызметтің бірін пайдаланғысы келеді. Ал Қатарда қазір бұл екеуінің екеуі де жоқ. Сондықтан болар, фанаттар ойынға келіп, футбол көргендеріне риза болып үйге қатйып жүр. Бұның бір жағынан пайдасы да бар. Әлем чемпионаты кезінде кем дегенде бір фанат қайтыс болып жататын. Бұл жолы ондай оқиға жоқ. Екі елдің фанаттары ішіп алып төбелес жасайтын еді. Қатарда жанкүйердің барлығы қатарда. 


Ермұхамед Мәулен

Әл Хор қаласы, Қатар.