Тұңғыш қазақстандық төреші "Күміс белгі" алды

Тұңғыш қазақстандық төреші
Теннис

Юлия Игнатченко әлемдік теннис төрешілер қауымдастығынан жоғары баға алып, "Күміс белгіні" иеленген алғашқы қазақстандық атанды. 


Silver Badge күміс белгілері төрешілерге кәсіби қызметінің нәтижесіне қарай беріледі. Бұл белгіге қол жеткізу үшін төрешілер  халықаралық деңгейдегі кем дегенде 60 матчқа төрелік етіп, "Алтын белгісі" бар мамандар мен супервайзерлерден жоғары баға алуы керек. Одан кейін ITF, ATP, WTA мен Grand Slam ортақ жиынында төрешінің категориясын көтеру мәселесі таалқыланады. "Күміс белгіге" лайық деп танылған мамандар "Үлкен дулыға" кезеңдерінің кез келгенінде және ITF, ATP, WTA ұйымдастыруымен өтетін турнирлердің негізгі жарыстарында (финалдық кезеңде де) төрелік ете алады. 


"Төрешілік категориямның көтерілгеніне әлі сене алмай отырмын. Осы маусым Australian Open-нің орталық кортында финалдық матчқа төрешілік етуімен басталған. "Күміс белгіге" лайық деп танылуым табысты маусымның тәтті соңы болып отыр. Маған қолдау білдіріп, сенім артқан барша жақыным мен жандарға, Қазақстан теннис федерациясына алғысымды білдіремін. Бұл - менің жеке ғана емес, бүкіл қазақ теннисі атқарып жатқан үлкен жұмысының нәтижесі. Сондай-ақ, Қазақстан теннис федерациясы дамудың дұрыс жолында екенінің тағы бір дәлелі", - деді Юлия Игнатченко.