«Барыс» Тольяттиде «Ладаны» 6 шайба айырмашылығымен жеңді
«Барыс» ХК баспасөз қызметі
Астаналық «Барыс» жаңа маусымдағы алғашқы сырт айдындағы матчында Тольяттидің «Лада» командасын 6:0 есебімен ойсырата жеңді, деп хабарлады Bassport.kz.
Михаил Кравец хоккейшілері ойынның алғашқы минуттарынан бастап басымдықты қолға алып, қарсыласты өз үйінде қапы қалдырды. «Барыс» хоккейшілері үш кезеңде де мергендік танытып, айдын иелеріне бірде-бір мүмкіндік қалдырған жоқ.
Бұл кездесуде америкалық шабуылшы Джастин Бэйли қос шайбамен көзге түсіп, ҚХЛ-дағы нәтижелі сериясын 4 матчқа жеткізді. Сондай-ақ Джейк Масси, Семён Симонов, Иэн Маккошен және Тайс Томпсон бір-бір шайбадан еншілеріне жазды. Қақпашы Хантер Шепард өз қақпасын құрғақ сақтап, маусымдағы алғашқы шатаутын тіркеді. Бұл - «Барыстың» маусым басталғалы бергі 4 ойындағы 3-ші жеңісі.
Енді елордалық ұжым 18 қыркүйекте Магнитогорскіде «Металлургке» қарсы ойнайды.