Бес жылдан бері дау болған қазақ-қырғыз көкпарының нүктесі қойылды

Бес жылдан бері дау болған қазақ-қырғыз көкпарының нүктесі қойылды
Басқа
 Түркияның Изник қаласында Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтіп жатыр. Байрақты бәсекенің ең бір қызықты сайысы – көкпар ойыны болатын. Финалда көпшілік күткендей қазақ пен қырғыз құрамалары кездесті. Өкініштісі, Анадолы еліне құрамалар өз аттарымен бара алмаған. Көкпарда аттың рөлі қандай екенін жанкүйерлер де, мамандар да жақсы біледі. Әйтеуір, ұйымдастырушы тарап, яғни Түркия елі атпен қамтамасыз етуді өз мойнына алған. Сөйтіп,барған командалар атты жалға алып, сайысқа түсті. Қазақстан А тобында өнер көрсетті. Біздің топта Өзбекстан мен Моңғолия болған. Алғашқысын жерлестеріміз 8:1, екіншісін 12:2 есебімен жеңді. Финалда қырғыздың "сен тұр мен атайын" дейтін жігіттерімен өткен ойын тартысқа толы болды. Бірінші кезеңде екі құрама итжығыс түсті. Есеп – 2:2. Ал екінші таймда біздің жігіттер ширақтық танытып, жеңісті жұлып алды. Қорытынды есеп – 4:3. Қазақстан құрамасы сапында мында көкпаршылар өнер көрсетті: Ұлан Байтөреев – 42 жаста (Атырау облысы) Абылайхан Нышанбеков – 27 жаста (Түркістан облысы), Құрманбек Тұрғанбек – 25 жаста (Жамбыл облысы), Ынтымақ Әліпбаев – 32 жаста (Атырау облысы), Құлажан Тоғайбаев – 35 жаста (Жамбыл облысы) Бақытжан Әзімбай – 29 жаста (Атырау облысы), Дәулет Айтан – 27 жаста (Түркістан облысы), Арман Жамалбеков – 30 жаста (Түркістан облысы), Есжан Құрманбай – 29 жаста (Жамбыл облысы), Ислам Рәт – 28 жаста (Жамбыл облысы), Айнабек Бердіқұл – 24 жаста (Жамбыл облысы), Әділет Мамыт – 25 жаста (Түркістан облысы). Қазақстан құрамасы Дүниежүзілік көшпенділер ойынына Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында дайындалған болатын. Бұл жерде құрама жалпы дене дайындығы бойынша жаттығу жасап, спортшылар физикалық тұрғыдан шыныққан болатын. Одан кейін Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы «Атлетик» спорт базасында да жаттығуларын пысықтады. Өздеріңіз білесіздер, осыдан 5 жыл бұрын ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде өткен финалда қырғыздар реніштерін білдірген болатын. Бір жылдан кейін екі құрама Шопан-атадағы Дүниежүзілік көшпенлілер ойынында тағы кездесуі тиіс еді. Алайда жартылай финалда жерлестеріміз Өзбекстаннан жеңіліп қалды. Есеп – 4:5. Жартылай финалдан кейін көкпардан Қырғызстан командасының бұрынғы басшысы Талас Бегалиевтің біздің жігіттерді сынға алып жатқан видеосы әлеуметтік желіде лезде тарап кетті. – Бұл спорт қой. Неменеге саясатты араластырып отырсыңдар? «Көк бөріден» неге сонша қорқасыңдар? Бұл ойын ғой, спорт қой. Жігітше ойнап, күліп жайнап кетпейсіңдер ме, елдеріңе? Өзбекстан өмірі көкпар ойнаған жоқ. Қайтіп ұтылып барасыңдар, елдеріңе? Қай беттеріңмен барасыңдар? Талас Бегалиевті осы сөзі біздің көкпаршылардың емес, жанкүйерлердің намысын оятқандай көрінді.Спортшыларымыздың қайта ештеңе айта алмай, «дұғада болайық» дегенмен шектелуі көпшіліктің ашуын тудырды. – Осы жолы «өзбектерден қалай жеңілді?» деген сауалға айтарым, көкпардың білікті бапкерлерінің, мамандарының кеңесімен біз жас көкпаршыларымызды халықаралық жарыста бір сынап көруді ұйғардық. Сол себепті,   Қырғызстанда ойнаған Қазақстанның жастар командасы. Бұл үлкен спортта бұрыннан бар тәжірибе – біз бұл көшпенділер ойындарына көкпардан жастар командасын жіберіп, олар да пісе берсін, олар да  тәжірибесін жетілдіре берсін деп едік. Осы бір мақсатымыз орындалды. Барды. Ойнады.  Жалпы, әр жарыста тек алтын медаль иелене беру шарт емес қой. Қола медаль да осал жүлде емес. Оған шамданатын не бар? «Азияда масқара болдық, анау болды, мынау болды» дегендермен мен еш келіспеймін, – деген болатын сол кездегі ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан. Осы жолы сол бес жылдан бері қордаланып қалған мәселенің нүктесі қойылғандай. Шын мықты сайыс алаңында жеңіске жетті.