Дмитрий Бивол мен Каллум Смит WBO титулы үшін айқасуы мүмкін

Дмитрий Бивол мен Каллум Смит WBO титулы үшін айқасуы мүмкін
Бокс

Matchroom Boxing

Дмитрий Бивол мен Каллум Смиттің өкілдері жартылай ауыр салмақта WBO чемпиондық белбеуі үшін өтетін жекпе-жектің негізгі шарттарын келісті, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап. 

Тараптар кездесудің өтетін күні мен орнын да мақұлдаған. WBO президенті Густаво Оливьери бейсенбі күні екі тараптың келісімге келгенін растады. Алдағы уақытта промоутерлер жекпе-жекке қатысты толық ақпаратты ресми түрде жариялайды деп күтіліп отыр.

Дмитрий Бивол 2017 жылдан бері әлем чемпиондық атақтары үшін өнер көрсетіп келеді. Оның еншісінде Сауль «Канело» Альварес пен Хильберто Рамирес секілді танымал боксшыларды жеңген жекпе-жектер бар. Бивол 2024 жылы абсолютті әлем чемпионы атағы үшін өткен кездесуде Артур Бетербиевтен жеңілген еді. Алайда келесі жылы өткен қарымта жекпе-жекте қарсыласын жеңіп, чемпиондық белбеулерін қайтарып алды.

Ресейлік боксшы кейінгі кездесуін мамыр айында IBF тұжырымы бойынша міндетті үміткер Майкл Эйфертке қарсы өткізіп, жеңіске жетті.

Кейін шынтағына операция жасатқан Бивол енді WBO желісі бойынша міндетті қарсыласы Каллум Смитпен кездесуге дайындалып жатыр.

Каллум Смит – беделді World Boxing Super Series турнирінің бұрынғы чемпионы. Биволдың промоутерлік мүддесін RCC Boxing қорғаса, британдық боксшының өкілі – Matchroom. Тараптар жекпе-жектің негізгі шарттарын келіскенімен, кездесу туралы толық мәліметтер кейінірек жарияланбақ.

Айта кетейік, бұған дейін Бивол WBC чемпиондық белбеуінен айырылған болатын. Ол міндетті үміткер Дэвид Бенавидеспен кездесудің орнына Артур Бетербиевпен үшінші жекпе-жек өткізу бағытын таңдаған еді.