Бокстан Әлем кубогында Қазақстан құрамасы ширек финалда өнер көрсетті
olympic.kz
24 сәуір мен 25 сәуірге қараған түні Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында бокстан World Boxing ұйымының Әлем кубогының алғашқы кезеңінде Қазақстан құрамасының сегіз боксшысы ширек финалда өнер көрсетті.
Ерлер арасында шаршы алаңға Даниял Сәбит, Фарух Тоқтасынов, Санжарәлі Бегалиев, Диас Молжігітов және Сұлтанбек Айбарұлы шықты.
50 келіге дейінгі салмақта Даниял Сәбит марокколық Иссам Бенсайярға төрешілердің бірауыз шешімімен есе жіберді.
70 келіде Фарух Тоқтасынов әзірбайжандық Наби Искендеровтен төрешілердің екіге бөлінген шешімімен жеңілді.
75 келіде Санжарәлі Бегалиев те Әзірбайжан өкілі Саиджамшид Джафаровқа есе жіберді.
Ал 80 келі салмақта Диас Молжігітов англиялық Оладимеджи Шиттуды төрешілер шешімімен жеңіп, жартылай финалға өтті.
85 келіде Сұлтанбек Айбарұлы италиялық Паоло Карузоны жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.
Әйелдер арасында Алуа Балқыбекова, Виктория Графеева және Аида Әбікеева жеңіске жетті.
51 келіде Алуа Балқыбекова ирландиялық Дайна Мурхаусты айқын басымдықпен ұтты.
60 келіде Виктория Графеева канадалық Мари Аль-Ахмадиді сенімді түрде жеңді.
65 келіде Аида Әбікеева марокколық Дуа Закиден басым түсіп, жартылай финалға шықты.
Осылайша, Қазақстан құрамасы кем дегенде қола жүлдені қамтамасыз етті. Айта кетейік, турнирге Қазақстан құрамасы жалпы 16 боксшымен (9 ер, 7 әйел) қатысқан болатын.