Қазақстан боксшылары Әлем кубогының 4-күнінде үш жекпе-жек өткізді
olympic.kz
Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем кубогының бірінші кезеңінде Қазақстан құрамасы жарыстың төртінші күнінде 1/8 финал аясында үш жекпе-жек өткізді.
Күндізгі сессияда Алуа Балқыбекова (55 кг) болгариялық Златислава Чуканованы 4:1 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды. Ал Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (65 кг) француз Уго Фрауға 2:3 есебімен жол берді.
Кешкі сессияда Аида Әбікеева (65 кг) чехиялық Виктория Жилкованы 5:0 есебімен айқын жеңді.
Қазіргі таңда турнирде Қазақстаннан 10 боксшы жарысты жалғастырып жатыр. Ал келесі спортшылар өз өнерін аяқтады:
Ерлер:
• Бағлан Кенжебек (55 кг)
• Жансері Көшербаев (60 кг)
• Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (65 кг)
• Дәулет Төлемісов (90 кг)
Әйелдер:
• Назым Қызайбай (54 кг)
• Наталья Богданова (70 кг)
Әлем кубогының бірінші кезеңі 20–26 сәуір аралығында өтуде. Жарысқа 50 елден 400-ден астам спортшы қатысып жатыр.