Жәнібек Әлімханұлы: «Бентли титулды жекпе-жексіз алғысы келеді»
24KZ
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағынан айыру туралы пікірлерге жауап берді. Орта салмақтағы уақытша чемпион Дензел Бентли бұған дейін қазақстандық боксшыны чемпиондық белбеуден айырып, өзін толыққанды чемпион ретінде тануды сұраған еді.
Қазіргі уақытта Жәнібек Әлімханұлы ағзасынан мельдоний табылғаннан кейін уақытша шеттету жазасын өтеп жатыр. Осы жағдайды пайдаланған Бентли WBO ұйымына жүгініп, чемпион мәртебесін өзіне беруді талап етті. Алайда қазақстандық бұл ұсынысты негізсіз деп есептейді.
«Қазір ол — менің ресми қарсыласым. Бірақ менің титулымды жекпе-жексіз тартып алғысы келеді. Енді жұрттан қолдау сұрап жүр. Неге? Өйткені ол менімен рингке шығудан қорқады», — деп жазды Әлімханұлы әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Айта кетейік, Дензел Бентли уақытша WBO чемпионы атағын венесуэлалық Эндри Сааведраны жеңіп алғаннан кейін иеленген болатын. Ал Бүкіләлемдік бокс ұйымының шешімі бойынша, Жәнібек шеттету мерзімі аяқталған соң дәл осы Бентлиге қарсы міндетті түрде чемпиондық белбеуін қорғауы қажет.