Олимпиада-2026: шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан құрамасы 11-орын алды
Илья Мизерных. Сурет: Тұрар Қазанғапов/ҚР ҰОК баспасөз қызметі
Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары аясында шаңғымен тұғырдан секіруден үлкен тұғырдағы командалық жарыс өтті. «Суперкоманда» форматындағы бұл бәсекеде Қазақстан құрамасының атынан Данил Васильев пен Илья Мизерных өнер көрсетті, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі ҚР ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бірінші кезең қорытындысы бойынша Васильев пен Мизерных келесі айналымға өтті. Алайда финалға жолдама ала алмады. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы жарысты 11-орынмен аяқтады. Айта кетейік, жарыс ережесіне сәйкес әр кезеңде спортшылар бір-бір секіруден орындады. Бастапқы кезең қорытындысында келесі айналымға тек 12 команда өтті.
Ал екі кезеңнің нәтижесі бойынша үздік сегіз құрама финалға жолдама алды. Финалда барлық құрама секіру мүмкіндігін толық пайдалана алмады.
Қолайсыз ауа райына байланысты төрешілер жарысты тоқтату туралы шешім қабылдады. Соның нәтижесінде жүлделер алдыңғы секірулердің қорытындысы бойынша бөлінді. Алтын медальді Австрия құрамасы жеңіп алса, Польша екінші орынға ие болды. Норвегия үздік үштікті түйіндеді.
Айта кетейік, бұған дейін Илья Мизерных үлкен тұғырда 8-орын алып, осы спорт түрінен Қазақстан тарихындағы ең үздік нәтижені тіркеген еді.