Мемлекет басшысы FIDE президентін қабылдады

Мемлекет басшысы FIDE президентін қабылдады
Шахмат

Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті Аркадий Дворковичті қабылдады, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Кездесуде Мемлекет басшысы Ұйымның Қазақстан шахмат федерациясына, жаттықтырушылар мен жас спортшыларға көрсеткен қолдауын жоғары бағалады. Президент елімізде шахмат спорт түрі ғана емес, зияткерлік мәдениеттің, тәрбие мен білімнің маңызды бөлігі саналатынын атап өтті. 

Мемлекет басшысы балалар мен жастар арасында шахматқа қызығушылықтың артып келе жатқанына назар аударды. Президенттің айтуынша, білім беру жүйесінде шахмат инфрақұрылымын дамытуға және ілгерілетуге баса мән беріліп отыр. 

Әңгімелесу барысында ұлттық федерацияның Ұйыммен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, соның ішінде ірі халықаралық жарыстар өткізу мен бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері пысықталды. 

Аркадий Дворкович Қазақстанда қабылданған шахматты дамытуға арналған Кешенді жоспардың маңызы туралы айтты. Аталған құжат мемлекет, бизнес және ұлттық федерацияның бірлесіп жұмыс істеуіне жол ашады. 

Сондай-ақ былтыр қазақстандық шахматшылар FIDE аясында өткен барлық жарыстан ең көп медаль жинағанына назар аударды.