Бокстан Дубайда өтетін әлем чемпионаты тарихтағы ең қомақты жүлде қорын ұсынады

Georgiy Namazov / XinHua / Global Look Press
Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) президенті Умар Кремлев 2–13 желтоқсан аралығында өтетін ерлер арасындағы әлем чемпионаты Дубайда ұйымдастырылатынын ресми растады. Жарыс Dubai Tennis Stadium аренасында өтпек.
Аталмыш біріншілік тарихтағы ең ауқымды жүлде қорымен есте қалмақ. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, турнирдің жалпы жүлде қоры 8,32 миллион долларды құрайды. Әр салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған боксшылар 300 мың доллар, күміс жүлде иегерлері 150 мың доллар, ал қола медаль жеңіп алғандар 75 мың доллардан алады. Тіпті, бесінші орын иелеріне де 10 мың доллардан беріледі.
Сонымен қатар, жүлде ақшасы тек спортшыларға ғана емес, олардың бапкерлері мен ұлттық федерацияларына да бөлінбек. Нақтырақ айтқанда, сыйақының 50%-ы спортшыға, 25%-ы жеке бапкеріне, тағы 25%-ы ұлттық федерациясына тиесілі болады.
– Бұл чемпионат тек рекордтық жүлде қоры үшін емес. Әрбір боксшы мен бапкер, ұлттық федерация әділ марапатқа ие болуы тиіс. Желтоқсанда Дубай әлемдік бокстың астанасына айналады. Бұл – спортшылардың өз елінің туын көтеріп, әділ әрі тең жағдайда күш сынайтын, өмірін өзгертуге мүмкіндік алатын тарихи сәт болады, – деді Умар Кремлев «Матч ТВ»-ге берген сұхбатында.