Қазақстандық боксшылардың WBA рейтингіндегі жаңа орны белгілі болды

Фото: Нұрғали Жұмағазы
Әлемдік бокс қауымдастығы (WBA) барлық салмақ дәрежелері бойынша рейтингтерді жаңартты. Нәтижесінде бірнеше қазақстандық боксшылардың көрсеткіштері өзгерді.
Екінші орта салмақта өнер көрсететін Бек Нұрмағанбет бір сатыға көтеріліп, қазір үздік ондыққа енді. Ал жартылай орта салмақта Руслан Мәдіев 12-орында тұр. Ол 4 қазан күні Бангкокта (Таиланд) Намибия боксшысы Абед Шиконгоға қарсы WBA Asia белдігін қорғау жекпе-жегін өткізеді.
Бірінші жартылай орта салмақтағы Батыр Жүкембаев өз позициясын сақтап, 13-орында қалды. Сұлтан Заурбек екінші жеңіл салмақта рейтингтің көшбасшылары қатарында. Қазіргі таңда ол ресейлік Эльнур Самедовтен кейін екінші орында. Бұл дивизиондағы әлем чемпионы атағы америкалық Леймонт Роуч-жуниорға тиесілі.
Жеңіл салмақтағы WBA Asia чемпионы Елшат Нығметолла екі сатыға көтеріліп, 7-орынға шықты. Жуырда ол Қытайда өткен бокс кешінде индонезиялық қарсыласы Тибо Монабесаны техникалық нокаутпен ұтып, жеңіске жеткен еді.