Даңқты боксшы Абзал Құттыбеков бокс қолғабын шегеге ілді
Түркістан облысы, Сайрам ауданының тумасы, өмірін спортқа арнап, ел абыройын сан мәрте биікке көтерген белгілі боксшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Абзал Құттыбеков үлкен спорттағы мансабын аяқтады.
Абзал Құттыбеков – қазақстандық бокстың ең танымал әрі тәжірибелі өкілдерінің бірі. Ол он жылдан астам уақыт бойы ел намысын халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарда абыроймен қорғап, спорт сүйер қауымның зор құрметіне ие болды. Оның спорттық жолы еңбек пен табандылықтың, жігер мен қайсарлықтың айқын үлгісі саналады.
Жерлесіміздің спорттағы жетістіктері – қазақстандық бокстың дамуына қосылған зор үлес. 2012 жылы Әзербайжанның Баку қаласында өткен Әлемдік Универсиадада қола медаль иеленіп, халықаралық аренада алғаш рет ел туын желбіретті. Кейіннен 2017 және 2020 жылдары Шымкент қаласында өткен ел чемпионаттарында да үздік үштікке енді.
2018 жылы Ақтауда өткен Қазақстан чемпионатында қола жүлдегер атанып, сол жылы және келесі жылдары Астанадағы Президент кубогін бірнеше мәрте жеңіп алды. 2019 жылы Қытайдың Ухань қаласында өткен Әскерилер арасындағы дүниежүзілік спорт ойындарында күміс медальға ие болса, 2021 жылы Мәскеуде өткен Әскерилер арасындағы Әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты. Сол жылы Оралда өткен ел біріншілігінде күміс жүлде иеленіп, 2022 жылы Павлодарда өткен Қазақстан чемпионатында чемпион атанды.
2023 жылы Астанада ұйымдастырылған VI Жазғы Спартакиадада күміс жүлде жеңіп алды. Абзал Құттыбековтің есімі тек елімізде ғана емес, шетелдік рингтерде де жақсы танымал.
Ол Литва, Германия, Болгария, Түркия, Қырғызстан және Өзбекстанда өткен халықаралық турнирлерде жеңіс тұғырынан көрініп, Қазақстан боксының беделін асқақтатты. Табиғи таланты мен еңбексүйгіштігінің арқасында ол жас спортшыларға үлгі бола білді. Спорттағы ұзақ жылдар бойғы қажырлы еңбегі мен табыстарының нәтижесінде Абзал Құттыбеков Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын иеленді.
Үлкен спорттағы мансабын тәмамдағанымен, Абзал Құттыбековтің аты мен жетістігі еліміздің спорт тарихында мәңгі сақталады. Ол қазақ боксының дамуына сүбелі үлес қосып, ел жастарына ерік-жігер мен еңбекқорлықтың үлгісін көрсетті.