Көкпардан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының жартылай финалистері анықталды

Көкпардан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының жартылай финалистері анықталды
Басқа

Алматы облысында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы көкпардан XIII Қазақстан чемпионатының топтық кезең ойындары өз мәресіне жетті.

2008–2010 жылы туған спортшылар бақ сынаған додада жартылай финалға төрт команда жолдама алды. Елдің 14 өңірінен жиналған үздік көкпаршылар үш күн бойы тартысты іріктеу матчтарын өткізді.

Нәтижесінде Жамбыл және Түркістан облыстарының, Батыс Қазақстан облысының және Алматы қаласының құрамалары өз топтарында үздік шығып, келесі кезеңге өтті.

Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша салым саны жағынан Түркістан облысының командасы көш бастады. Бар-жоғы екі ойын өткізген түркістандықтар қарсыластар қақпасына 31 салым түсірді. Одан кейінгі орындарда үш ойын өткізіп, 28 салымнан жинаған Жамбыл облысы мен Алматы қаласының командалары орналасқан.

Жекелей көрсеткіште де Түркістан мен Жамбыл өңірінің спортшылары ерекше көзге түсті. Алматы қаласының шабуылшысы Нұрбек Ғалым 9 салыммен үздік мерген атанса, Жамбыл облысының ойыншысы Мансұр Темірхан 8 салыммен екінші орынға жайғасты.

22 тамызда финалдық жолдама үшін мына жұптар кездеспек:

Алматы қаласы — Жамбыл облысы

Түркістан облысы — Батыс Қазақстан облысы

Алматы облысы мен Ақтөбе облысы, сондай-ақ Шымкент пен Ұлытау облыстары 5–8 орындар үшін өзара бақ сынайды.

Финалдық ойындар 23 тамызда өтеді. Дүбірлі дода жеңімпазы сол күні анықталмақ. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 8 250 000 теңгені құрайды. Сонымен қатар, «Үздік шабуылшы», «Үздік қорғаушы», «Үздік жекпе-жек ат», «Үздік ойыншы» сынды жекелей марапаттар да табысталады.