Түркістанда жаңа спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Түркістан қаласындағы М.Төлебаев көшесінде салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс барысымен танысты. Жоспарға сәйкес, нысан 2025 жылғы 29 тамызда ел игілігіне пайдалануға берілмек.
Жаңа кешеннің ішінде заманауи күрес және бокс залдары қарастырылған. Сондай-ақ ауласына шағын футбол алаңшасы орнатылуда. Бұл жерде бокс пен күрестен оқу-жаттығу жиындары өткізілу жоспарланып отыр.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы спорт кешеніне даңқты боксшы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әбдісалан Нұрмахановтың есімін беру және оның ескерткішін орнату жөнінде ұсыныс білдірді.
Сонымен қатар, нысанды Әбдісалан Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің теңгеріміне беру тапсырылды.