Түркістандық боксшылар Азия чемпионатынан олжалы оралды

Тайландта өткен 22 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында түркістандық боксшылар үздік нәтижелерге қол жеткізді.
60 келі салмақта ел намысын қорғаған Нұрислам Қалдыбаев қарсыластарын ойсырата жеңіп, жеңіс тұғырының ең биігіне көтерілді. Осылайша ол екі дүркін Азия чемпионы атанды.
Қыздар арасындағы сында да жерлестеріміз жеңіссіз қайтқан жоқ. 75 келі салмақ дәрежесінде Шұғыла Нәлібаева күміс медаль иеленсе, 51 келіде Айым Танкибаева қола жүлдеге қол жеткізді.
Айта кетейік, Нұрислам Қалдыбаев – Түркістан облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің шәкірті. Ал Шұғыла Нәлібаева аталған мектепте жаттығып, бүгінде «Түркістан кәсіпқой бокс клубының» сапында тәжірибесін шыңдап жүр.
Азия чемпионатында ел мерейін үстем еткен жерлестерімізді жарқын жеңістерімен құттықтаймыз!