16 ауыл командасы чемпион атағы үшін бақ сынауда

4–5 тамыз күндері Алматының орталық стадионында 2013–2014 жылы туған жасөспірімдер арасында «Halyk Open Golden Kids» республикалық футбол турнирі басталды.
Бұл жарыста шалғай ауылдардан келген 16 мықты команда өзара мықтыны анықтауда.
Екі жыл бұрын «Ауыл футбол» жобасында небәрі 24 команда болса, қазір олардың саны 110-нан асты! Бұл — 4 000-нан аса ауыл баласы футболға қызығушылық танытып жатыр деген сөз.
– Бұл турнир ауылдан шыққан жас футболшыларға үлкен мүмкіндік береді. Мұнда балалар бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасады. Жазғы демалысын бос өткізбей, спортпен айналысып жатқаны қуантады. Келер жылы бұл жарыс дәстүрлі турнирге айналады деп үміттенемін - дейді «Halyk» қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Турнирдің бас демеушісі — Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қайырымдылық қоры. Дода толығымен тегін ұйымдастырылған.
Турнир барысында «Қайрат» футбол клубының ойыншылары мен бапкерлері жасөспірімдерге қолдау көрсетіп, шеберлік сабақтарын өткізуде. Ал белгілі скауттар ауылдың дарынды жұлдыздарын байқап, болашақта балаларға үлкен футболға жол ашуы мүмкін.