Қазақстандық мықтыларды жеңген өзбекстандық Олимпиада чемпионы допингпен ұсталды

Olympic.uz
2024 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы, Өзбекстан құрамасының боксшысы Лазизбек Муллажонов допинг қолданғаны белгілі болды, деп хабарлайды Bassport.kz.
World Boxing ұйымы үшін тәуелсіз антидопинг бағдарламасын жүргізетін Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) 11 маусым күні алынған допинг сынамасында метастеронның метаболиттері анықталғанын мәлімдеді. Бұл — бұлшық ет массасын арттырып, физикалық күш пен төзімділікті күшейту үшін қолданылатын анаболикалық стероид. Метастерон WADA-ның тыйым салынған препараттар тізімінде тұр.
ITA атлетті нәтижелер туралы хабардар етті. Енді Муллажоновтың сынаманың В нұсқасын тексеруді талап етуге құқығы бар. Егер ол бұл құқығынан бас тартса немесе В сынамасы да оң нәтиже берсе, спортшы допинг ережесін бұзды деп танылып, ұзақ мерзімге жарыстардан шеттетілуі мүмкін.
Айта кетейік, ауыр салмақта өнер көрсететін Лазизбек Муллажонов бұған дейін Қазақстан құрамасының тәжірибелі боксшылары — Қамшыбек Қоңқабаев пен Нұрсұлтан Аманжоловты жеңген еді.