Атырауда өткен халықаралық баскетбол турнирінде ауыл қыздары алғашқы тәжірибе жинады

2024 жылғы "AUYL SPORT" республикалық турнирінде үздік шыққан ауыл командалары Халықаралық деңгейде бақ сынай бастады. 23–25 маусым аралығында Атырау қаласында 2009 жылы туған қыздар арасында баскетболдан “AiRom Cup” халықаралық ашық кубогы өтті.
Бұл додаға төрт команда қатысты. Қазақстан атынан — Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданы, Переметное ауылынан келген "AUYL SPORT" командасы және жергілікті Барсы Атырау. Халықаралық қарсыластар — Ресейдің Волгоград қаласы мен Әзербайжан баскетбол құрамасы.
Жарыс екі айналым жүйесінде өтті, жеңімпаздар ұпай санына қарай анықталды. Турнир қорытындысы төмендегідей:
1-орын — Әзербайжан құрамасы
2-орын — Барсы Атырау
3-орын — Волгоград (Ресей)
4-орын — AUYL SPORT, Переметное ауылы
Айта кетейік, бұл — Переметное ауылынан келген жас спортшылардың алғашқы халықаралық тәжірибесі. Жергілікті жаттықтырушылар мен ата-аналар үшін де бұл жарыс үлкен мектепке айналды.
AUYL SPORT — ауылдағы балаларға спортпен айналысуға мүмкіндік беретін ауқымды әлеуметтік жоба. Оны Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қайырымдылық қоры қаржыландырып отыр.