Өзбекстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына қай бапкермен барады?

Әлеуметтік желі
Өзбекстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатына дайындықты жақын арада бастайды. Бұл туралы Bassport.kz порталы Upl.kz сайтына сілтеме жасап хабарлады.
Күзде өзбек командасы мықты құрамалармен бірнеше жолдастық матч өткізуді жоспарлап отыр. Қазір ұлттық құраманы Тимур Кападзе уақытша жаттықтырып келеді. Оның басшылығымен команда тарихи жетістікке жетіп, тұңғыш рет әлем чемпионатына жолдама алды. Алайда, Өзбекстан футбол қауымдастығы әзірге Кападзені бас бапкер ретінде ресми түрде бекіткен жоқ, бұл қоғамда түрлі пікірталас пен болжам тудыруда.
БАҚ беттерінде құраманы тізгіндеуі мүмкін бірқатар үміткерлердің аты аталды. Солардың ішінде Германия құрамасының бұрынғы бапкері Йоахим Лёвтің есімі ерекше аталды. Алайда бұл нұсқа іске асуы екіталай. Себебі, Лёв Германия құрамасында жылына 3,8 миллион еуро жалақы алған, ал Өзбекстан футбол басшылығы мұндай шығынға баруға дайын емес. Сонымен қатар, Лёвтің ойыншылармен тіл табысу мүмкіндігіне қатысты күмәндер бар.
Футбол сарапшыларының пайымынша, Өзбекстан құрамасын әлем чемпионатына Тимур Кападзе бастап баруы ықтимал. Қазіргі таңда басқа үміткерлердің есімдері нақты аталмай отыр.