Асаубаеваның анасы қызын қорғап, қазақстандықтарға үндеу жасады

Sports.kz
Қазақстандық шахматшы, екі дүркін вице-чемпион Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Танжарикова қызына бағытталған сынға жауап беріп, әлеуметтік желі қолданушыларына бейнеүндеу жасады. Бұл туралы Bassport.kz хабарлайды.
— Бұл видеоны мен Қазақстан азаматтарына арнап жазып отырмын. Қазір әлеуметтік желілерде, әсіресе Facebook пен Instagram-да Бибісараға бағытталған хейт мәселесіне қатысты пікір білдіргім келеді. Қазақ тіліне қатысты айтылған сындарға келер болсақ, Бибісара орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Қазақ тілін де үйреніп жүр.
Ол - Қазақстандағы нөмірі бірінші шахматшы және елімізді әлемдік интеллектуалды ареналарда танытып жүрген спортшы.
Оның парақшасында шетелдік оқырмандар өте көп. Сондықтан сіздер жазып жатқан ауыр, ренжітетін пікірлер арқылы сіздер бүкіл әлемге «қазақтар осындай» деп көрсеткілеріңіз келе ме? Бізді бір-біріне жау, қатігез халық ретінде көрсеткілеріңіз келе ме? Жоқ, қазақ халқы ондай емес. Бізді кішіпейілділікке, сыйластыққа тәрбиеледі.
Біздің ұлттық кодымыз - мейірім мен құрметке негізделген.
Біз - бір-бірін әрдайым қолдайтын, тәрбиелі, мейірімді ұлтпыз. Қазақ деген - бір-біріне демеу бола білетін халық. Қызымды сынағаныңыз - мен үшін емес, бүкіл еліміз үшін ұят, — деді ол бейнеүндеуінде.