Жәнібек Әлімханұлына абсолют чемпион атану үшін не қажет екені белгілі болды

Жәнібек Әлімханұлына абсолют чемпион атану үшін не қажет екені белгілі болды
Бокс

Тұрар Қазанғапов

Орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) үшінші чемпиондық белбеуге таласу үшін қандай кедергіден өтуі керектігі белгілі болды, деп хабарлайды Bassport.kz.

Белгілі промоутер Александр Красюк The Ring басылымына берген сұхбатында кәсіпқой бокстың қатал шындығын атап өтті. Оның айтуынша, 43 жастағы маман ретінде ол ең дарынды әрі атақты боксшылардың өздері де кейде лайықты назар мен қаржылай қолдауға ие болмайтынын мойындайды.

— Бұл - кәсіпқой бокстың қатал шындығы. Кейде ең мықты, титулды спортшылардың өзі елдің назарына іліге бермейді, сәйкесінше, үлкен қаржы да таба алмайды. Көптеген атақты чемпиондар әлі күнге дейін біріктіруші жекпе-жек өткізе алмай келеді. Себебі бәрі медиялық танымалдылыққа келіп тіреледі, - дейді ол.

Красюктің пікірінше, Жәнібек Әлімханұлы мен Бахрам Муртазалиев (23-0, 17 KO) сынды боксшылар өз салмақ дәрежесіндегі үздіктер болғанымен, кең аудитория үшін танымал есімдерге айнала қойған жоқ. Сондықтан басты міндет - промоутерлердің мойнында. Олар спортшылардың нарықтағы құнын арттырып, танымалдығын көтеруі тиіс.

Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы қазіргі таңда орта салмақта WBO және IBF белбеулерінің иегері саналады. «Абсолют» чемпион атану үшін оған тағы екі титул қажет: WBC белбеуі — доминикандық Карлос Адамеске (24-1-1, 18 KO), ал WBA титулы — кубалық Эрисланди Лараға (31-3, 19 KO) тиесілі.