Алексей Урманов: «Жаңа маусымға дайындықты бастап кеттік»

2024-2025 жылғы маусым отандық мәнерлеп сырғанау спорты үшін сәтті болды. Жылдың қорытынды жарысы - әлем чемпионатында күміс жүлде алған спортшымыз М.Шайдоров қазір жаңа маусымға дайындықты бастап кетті. Бұл күндері Астанадағы “Алау” мұз айдынында еліміздің үздік мәнерлеп сырғанаушысы оқу-жаттығу жиындарына қатысып жатыр. Осы сәтті пайдаланып Михаилды жаттықтырып, әлемдік додаларда жетістікке жетелеп жүрген бапкер, 1994-жылғы Лиллехаммер олимпиадасының чемпионы Алексей Урмановпен сұқбаттасқан едік.
- Алексей, биыл Михаил екеуіңіз үшін өте сәтті маусым болды. Өте жақсы нәтижеге жеттіңіз. Құтты болсын. Жаңа маусымда жаттығу мен дайындық барысы өзгере ме? Әлде бәрі бұрынғыдай қалды ма?
- Иә, рахмет! Шынында да біз үшін өте жақсы өткен жыл болды. Спортшым өсіп келеді. Шыңдалып келеді. Михаил Төрт құрлықтың чемпионы атанды. Әлем чемпионатының күміс жүлдесін алды. Мен Михаилдың еңбегі ақталғанына, Қазақстанға осындай қиын да күрделі спорт түрінен тағы бір жүлде келгеніне қатты қуандым. Енді Михаилдың статусы бөлек. Ол – чемпион!
Біз алдағы маусымға, маңызды маусымға дайындықты бастап кеттік. Әрине жаттығу барысы өзгерді. Қазір біз Астанада арнайы жеке бағдарлама бойынша жаттығу жүргізіп жатырмыз. Қазір біздің командамызға тағы бірнеше маман қосылды. Спортшыға массаж жасайтын маман келді, залда хореографиямен айналысуға көмектесетін маман да қосылды.
Командамыз өсіп келеді. Біздің жағдайды жасап, көмектесіп отырған спорт министріне, федерацияға, спорт дирекциясына алғысым шексіз.
- Михаилды алғаш рет көрген кезіңіз есіңізде ме? Бұл бірлескен жол қалай басталып еді? Ол сіздің мектебіңізге қалай келіп еді?
- Есімде әрине, Йошкар-Ола қаласында оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде таныстық. Әкесі Станислав екеуі келген сол кезде. 2017-жыл болатын. Өзі кіп-кішкентай, басына малақай киіп алған, сөйтсем ол көбіне даладағы ашық мұзда сырғанап, жаттығып жүрген екен. Содан аренаға да жылы киініп келген ғой. Көп ұзамай әкесі қайта хабарласып, ұлын маған әкелуге рұқсат сұрады. Мен бірден келістім. Маған сол кезде Мишаның таудай талабы ұнады. Ол өте тез шешім қабылдай алады, кез-келген мәліметті жақсы түсіне алады, Міне осы талабы екеумізді керемет нәтижеге әкеліп отыр.
- Сіз өзіңізде төрттік элементтерді әлемде алғашқылардың бірі боп секіре бастадыңыз. Енді шәкіртіңіз де сіз секілді өте күрделі элементтерді секіріп жүр. Әдетте мұндай процесс қалай жүреді?
- Мәнерлеп сырғанау мен спортшы болып жүрген кезден бері күрделене түсті, қатты өзгерді. Қазір жасөспірімдердің өзі төрт айналым секіруге көшті. Сондықтан да мықты спортшылар көшінен қалмау үшін жаттығуды күрделі элементтермен толтыру керек. Бұл өте маңызды. Оны амбициясы бар спортшы өзі де түсінуі қажет. Михаил мұны жақсы түсінеді де. Оның талабы таудай, менің айтқанымның бәрін бұлжытпай орындайды. Өзінің де ойын жасырмай айта алады. Сондықтан да оның спорттағы мансабы жақсы қарқын алып келеді. Төрттік секірулерге келсек ол - біріншіден Мишаның еңбегі. Тек екінші реттен ғана Миша екеуіміздің бірлескен нәтижеміз дер едім. Бапкер үшін оның айтқанын мұқият тыңдап, көрсеткен нәрсені жақсы ұғып алып, сол көргенін қайталап бере алатын шәкірттің жөні бөлек. Бір қарағанда керегі тек осы ғана ма дерсіз, бірақ шындап келгенде ол көп қасиетті қажет етеді. Михаил өте жақсы тыңдай да біледі, көргенін өте жақсы қайталап жасап та бере алады. Үйренуге деген талпынысы өте керемет. Сондықтан да ол осы элементтерді үйренем дегенде мен тек қолдау көрсеттім. Мен бапкер ретінде оны жаңа элементтерді үйренем, секірем деген кездерінде ешқашан тоқтатқан емеспін, қайта бар білгенімді үйретіп қолдап келемін. Алға жылжуына мүмкіндік беремін. Михаил үшін де жаңа элементті үйрену өте маңызды деп білем. Адам жаңа нәрсені игерген кезде ғана өзінің жоғары көтеріліп келе жатқанын сезінеді ғой. Шәкіртім де сол элементтерді үйреніп, әлемге паш етті. Спорттағы жолында жаңа деңгейге көтерілді. Өте ұзақ та нәтижелі, жақсы маусым болды. Жарыстар да көп болды. Қорытындысын өзіңіз білесіз.
- Иә, енді сол жарыстарға келсек. Төрт құрлық чемпионатында орын алған келеңсіз жайт туралы айтып кетсеңіз...
- Михаилдың еркін жаттығуды сырғанауға шыққандағы бөтен музыканың қосылғаны туралы айтасыз ғой. Төрт құрлық чемпионаты секілді бәсі жоғары жарыстарда ондай олқылықтардың орын алғаны жарамайды әрине. Жарыстан кейін, сол сәтте неге ондай қатенің орын алғанын ешкім де ештеңе деп бізге түсіндірген жоқ. Мұндай жағдайда аппеляция да бере алмайсың, тек сол жарысты ұйымдастырушы ұйымның өкілі келіп кешірім сұрады. Басқа ештеңе де болған жоқ. Жай сөзбен айтсақ, өмірде болатын келеңсіз оқиғалардың бірі ғой. Жаңа айтып өттім. Миша тез ойланып, тез шешім қабылдай алатын спортшы. Яғни ол жерде спортшының бапкеріне жақындап барып қайтадан ақыл-кеңес алуына уақытта жоқ. Сөйтіп, Михаил психологиялық тұрғыдан сабырлы екенін дәлелдеді. Сол жағдайға қарамастан жаттығуын ойдағыдай сырғанап шықты.
- Соған қарағанда командаңызда психологтың да болғаны ғой?
- Жоқ, бізде ондай маман жоқ. Біз бір-бірімізге психологпыз.
- Бапкерлер спортшы мұзға шығардың алдындағы сәтте не айтады? Оған дейін өнер көрсеткен спортшының қалай сырғанағанынан хабары бола ма?
- Әр жарыстың өз жүгі бар ғой. Дәл қазір мен мысалы Мишаға Сеулде не айтқанымды ұмытып та қалдым. Әр турнирдегі спортшының жағдайы да әртүрлі болады. Сондықтан да мен дәл сол жердегі жағдайға қараймын. Спортшымның қандай күйде тұрғаны да маңызды. Ал өз басым қарсыластарының қалай сырғанағанын білу спортшыға керек емес деп ойлаймын. Өзім туралы айтсам, карьерамда бір рет басты қарсыластарымның құлап қалғанын кездейсоқ біліп қалдым. Әйтеуір ол мәлімет маған теріс әсер еткен жоқ. Қысқа бағдарламамды абыроймен сырғанап шықтым. Себебі жарыс жолына түскелі тұрған спортшыға сол мезетте бәрі маңызды. Бір кездейсоқ айтылған сөз жаттығуға деген дайындығыңды психологиялық тұрғыдан бұзып жіберуі мүмкін. Мишаға келетін болсақ ол да мұзға шыққанға дейі қарсыластары туралы ешқандай мәліметті білген емес. Біз тіпті бұл жайында сөйлескен де жоқпыз. Мәнерлеп сырғанауда ең бастысы - таза да сапалы сырғанау. Қарсыластарың емес, өзің үшін сырғанайсың.
- Михаилдың әлем чемпионатындағы екінші орны Қазақстанға олимпиада ойындарына тағы бір лицензия алуына мүмкіндік береді. Екінші жолдама алуымыз мүмкін бе? Осы туралы ойыңыз қандай?
- Олимпиадаға ешқандай жарыс тең келмейді, ойындарға қатысудың өзі бір ұмытылмас мереке. Мен мұны екі олимпиадаға қатысқан атлет ретінде айтып отырмын. Бостонда (2025 жылғы әлем чемпионаты өткен қала) іріктеуден өте алмай қалған қаншама тәжірибелі, жақсы сырғанайтын спортшылар бар. Тіпті төрт айналым секіре алатындары бар. Бәрінің де олимпиадаға барғысы келеді. Ал Бейжіңде өзіңіз білесіз тек қана 5 спортшы ғана іріктеліп алынады. Сондықтан да менің ойымша, екінші жолдаманы алу өте қиын болады.
- Қазақстан құрамасындағы басқа жігіттер төрт айналым элементтерді енді ғана үйреніп жатыр. Құрамадағы бәсекенің жоқтығы шәкіртіңізге көмектесе ме?
- Егер де ел құрамасында Миша секілді күрделі элементтерді жақсы секіре алатын жігіттер болғанда бұл оған одан әрі алға итермелеуші күш болар еді. Бірақ менің ойымша Миша қазір ондай бәсеке жоқ кезде де өзінің мінезімен, өнерімен жанкүйерлерінің үмітін ақтап жүр деп ойлаймын.
- Осыдан он шақты жыл бұрын берген бір сұхбатыңызда «Олимпиадаға іріктеуден өткен спортшылардың дейгейі шамалас болады, қазір төрттіктерді көбі секіре алады, жарыстарда жеңем деген спортшы, өзінің бағдарламасына, оның музыкасына, көркемдік жағына да көп көңіл бөлу керек» депсіз. Әлі де солай ойлайсыз ба?
- Дәл осылай айтқаным қазір есімде жоқ. Шамасы өте ертедегі сұхбатымды тауып алған сияқтысыз (күліп жіберді) Олимпиада қай жағынан алып қарасаңыз да басқа жарыс қой. Төрт жылда бір өтетін болғандықтан ойындарға қатысам деген спортшы үшін бұл өте ұзақ мерзім. Мен тіпті оны айсбергтің шыңына теңер едім және оны әр спортшы да түсінеді. Сондықтан да бұл жерде олимпиадаға дайындық та мүлде басқа деңгейде жүреді. Жауапкершіліктің де мысы басып тұрады. Ал қазір қарсыласыңды жеңу үшін барлығы да маңызды дер едім. Бағдарламасы да, төрт айналым элементті орындау шеберлігі де, мұздағы өнері де бәрі-бәрі қосылғанда ғана жеңіске жетуге болады.
- Сол төрт айналым секірулерді қай жастан бастап үйренген дұрыс? Ересек спортшыға ондай күрделі элементті тез меңгеріп алу мүмкін бе?
- Мен осы жерде бапкерім Алексей Мишин туралы айтып өткім келеді. Мені тәрбиелеп, чемпион еткен тұлға. Ұстазыма алғысым шексіз. Неге мен ол кісі туралы айтып отырмын. Бір күні оған қойылған «Алексей Николаевич, 12-13 жастағы оқушыларыңыз қазірдің өзінде үш айналым аксель, төрт айналым тулупты секіріп жүр. Тым ерте деп ойламайсыз ба?,- деген сұраққа профессор: - Егер жас спортшының өзі оған дайын болса бапкер ретінде оны мен неге тоқтатуым керек»- деп жауап беріпті. Меніңше өте керемет, дәл тауып айтылған жауап. Ұстазымның жауабымен толықтай келісемін. Біз ультра-си элементін секіруге дайын спортшыға кедергі болмаймыз, ал спортшыға әлі де уақыт керек екенін көріп тұрсақ, әрине тоқтата тұрамыз. Ал қиын элементті меңгеру деген сұрағыңызға келсек: күрделі элементті әдейі үйретеміз деген түсінік жоқ. Ол мұзға алғаш қадам бастаған сәттен ақ дұрыс үйретілген қарапайым, негізгі элементтерден бастау алады. Міне сол төменгі кірпіштер дұрыс қаланса, шатырын қондыру яғни күрделі элементтерді үйрету оңай болады. Спортшы күрделі элементтерді секіруге жастайын машықтанғаны жақсы, үлкейген сайын ол қиындай түседі.
- Онда дұрыс негіз қалану үшін бастысы - жақсы мектеп пен бапкер табу боп тұр ғой. Олай болса баласын мәнерлеп сырғанауға беремін деп жүрген ата-аналарға қандай кеңес бересіз?
- Сұрағыңызға рахмет. Бұл туралы кешке дейін сөз қозғауға болар. Баласының жақсы спортшы болғанын қалайтын ата-аналарға айтарым: балаға алдымен ата-анасы алып келген жер мен бапкер ұнауы керек. Кішкентай баланы спортқа күштеп апару дұрыс емес. Оның осы спорт түрін түсініп, жақсы көріп кетуі алғашқы бапкерге байланысты. Баланың спортқа деген сүйіспеншілігін қалыптастыратын да алғашқы бапкері. Сондықтан спорттың қай түрі болса да, қандай бапкер болса да алдымен ол балаға жайлы болуы қажет. Осы жағына мән беріңіз дер едім.
Әңгімелескен Лилиана Әлжановa