«Мен оны жеңе аламын»: Маддалена Шавкат Рахмоновпен жекпе-жек туралы пікір білдірді

«Мен оны жеңе аламын»: Маддалена Шавкат Рахмоновпен жекпе-жек туралы пікір білдірді
Жекпе-жек

UFC

UFC-дің жартылай орта салмағындағы жаңа чемпионы, австралиялық Джек Делла Маддалена (18-2) қазақстандық Шавкат Рахмоновпен (19-0) мүмкін болатын жекпе-жек туралы ойын айтты.

2025 жылғы 11 мамыр күні Канада, Монреаль қаласында өткен UFC 315 турнирінің басты жекпе-жегінде Маддалена бұрынғы чемпион Белал Мұхаммадты төрешілердің шешімімен жеңіп, чемпиондық белбеуді иеленді.

The Ariel Helwani Show YouTube арнасына берген сұхбатында Маддалена Рахмоновпен кездесуді көптен армандағанын айтты.

— Мен әрқашан Шавкатқа құрметпен қараймын және бұл жекпе-жекті көптен бері қалаймын. Бұл тамаша айқас болар еді. Оған әлі де уақыт келеді деп ойлаймын. Мен оны жеңе алатынымды білемін. Бірақ бұл дивизионда тағы басқа мықты жігіттер бар, олар да үміткер атану үшін жекпе-жек өткізуі тиіс, — деді австралиялық чемпион.

Айта кетейік, Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында өткізіп, ирландиялық Иэн Гэрриді (16-1) жеңген болатын.