"UFC-ге өтуді барлығы армандайды": Naiza-да жеңіске жеткен Олжас Абзалиев туралы не білеміз?

Жекпе-жек
11 маусым күні Алматыда өткен ережесіз жекпе-жек турнирі Олжас Абзалиев үшін сәтті аяқталды. Ол Naiza FC 40 турнирінде өз отандасын жеңіп, жартылай ауыр салмақтағы чемпиондық белбеуді иеленген болатын. Bassport.kz жекпе-жек өнеріндегі талантты спортшымен тілдесіп, оның ММА-дағы басты жоспарларымен танысты. - Олжас, сіз ұзақ жылдар бойы еркін күреспен айналыстыңыз. ММА-ға қалай келдіңіз? Спорттағы жолыңыз қалай басталды? - Мен 1988 жылы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында дүниеге келдім. Кішкентайымнан спортқа жақын өстім. Қабілетім барын байқап, 12 жасымда әкем күрес залына жетектеп келді. Содан бері қызығы да, қиындығы да кездесетін спорттың жүгін арқалап жүрміз. Еркін күрестен Қазақстан чемпионатында жүлдегер атанып, біраз халықаралық турнирлерге қатыстым. 2012 жылы қоян-қолтық күреске ден қойып, әлем, Азия біріншіліктерінде топ жарғанымды біреу білер, біреу білмес. Осы спорт түрінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындадым. Еркін күрестен басталған жол мені ММА-ға алып келді. Отбасым бар. Әке-шешем мен жұбайым Маржан және үш қызым – басты жанкүйерлерім. - ММА-ға ауысқан спортшылардың көпшілігі күресті серік еткен. Демек, жекпе-жек барысында күрес тәсілдеріне басымдық бересіз бе? - Менің күресу тәсілім қарсыласқа байланысты. Ұру керек болса – ұрамын, тебу керек болса – тебемін. Тік тұрып төбелесу қажет болса, оны да істеймін. Грепплингпен айналысқанымның да көмегі көп. Жалпы, ережесіз жекпе-жек бірнеше спорт түрінің басын біріктіреді ғой. Жан-жақты болғаның артық етпейді. - Ережесіз жекпе-жекке келуіңізге не себеп болды? - Шыны керек, әуесқой спортта біраз жетістікке жеттім. Енді кәсіби спортта өз бағымды сынап, жаңа белеске, жаңа дәрежеге өткім келді. Оның үстіне, ММА қазіргі таңдағы ең беделді әрі жанкүйері көп спорт саналады. Өзімнің аталған спорт түріне деген қабілетім, ынтам барын ескеріп, осы салада бақ сынап көруге бел будым. - Өз салмағыңыздағы әлем үздіктерінен кіммен кездескіңіз келеді? - Әрине, әрбір жауынгер мықты спортшымен кездесуді ойлайды. Әлем үздіктерімен кімнің кездескісі келмейді? Мен де өз салмағымдағы абыройлы, жеңімпаз спортшылармен жекпе-жекке шығуды ойлаймын. Сол мақсатымызды орындау үшін қадам жасап жатырмыз. Мен сынға түсетін 93 келіде UFC тұжырымы бойынша чехиялық Иржи Прохазка чемпион атанды. Кеше ғана өткен кездесуді жанкүйерлер көрген шығар. Әр спортшы UFC-де бақ сынауды армандайды ғой. UFC-ге өтіп жатсам, мықтылармен кездесемін деген ойдамын. - 11 маусым күні Алматыда өткен Naiza FC 40 турнирінде чемпиондық атақты иелендіңіз. Кездесу туралы пікіріңіз қандай? Қарсыласыңыз туралы не айтасыз? - Бұл бәсекенің өте жоғары деңгейде өткені қуантады. Жарысқа жақсы дайындалған едім. Бапкерлерімнің тактикасын орындап, жеңіске жеттім. Физикалық тұрғыдан да бес раундқа тас-түйін дайын болғаным өзіме де байқалды. Қарсыласым Нұрғали Нұрғайыпұлы да осал емес. Ол еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем біріншілігінің қола жүлдесіне таласқан балуан. Күрес тәсілдерін өте жақсы орындайды. Бұл күні менің дайындығым жоғары болғанын айта кету керек.  - Әлемдік және отандық ММА-да кімдерден үлгі аласыз? Сізге кім жігер береді? - Қазақстанда жетістікке жетіп, еліміздің намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылардың барлығын сыйлаймын. Спорттың қай түрі болса да, әлемдік сындарда тұғырдан көрінген әрбір атлет жігер береді маған. ММА-ға келер болсам, өзім солақай болғасын, Конор Макгрегордың төбелесу тәсілі ұнайды. Оның әрбір жеңісі қуаныш сыйлайды. Жоғарыда айтып өткендей, ең үлкен қолдаушыларым - отбасым мен ата-анам.