Ауыл баласына жол ашқан мүмкіндік (ВИДЕО)

Сербияның Златибор қаласында өткен ISF U-15 Гимназиадасында Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 11 медаль жеңіп алып, ел мерейін үстем етті. Бұл жеңістің артында - ауыл балаларының еңбегі мен Auyl Sport жобасының қолдауы тұр, деп хабарлайды Bassport.kz.
22 спортшының 12-сі - дәл осы Auyl Sport жобасының жеңімпаздары. Олардың қатарында Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Шалдар ауылынан шыққан Нұрқожа Қалыбек те бар. Ол еркін күрестен қола медаль жеңіп алып, ауылдағы жаттығу залы мен үлкен арена арасындағы жолдың бар екенін дәлелдеді.
Әлі кеше ғана мектеп ауласындағы қарапайым төсеніште тер төгіп жүрген жасөспірімдер бүгінде халықаралық додада жүлде алып отыр. Бұл - ауылдағы талантты балаларға берілген мүмкіндік пен сенімнің нәтижесі.
2024 жылы іске қосылған Auyl Sport жобасы ауыл спортын дамытуға бағытталған ең ірі бастамалардың бірі саналады. Бірінші маусымда 200 ауылдан 12 мыңнан астам бала қатысып, 1300-і финалға жеткен. Бокс, күрес, шахмат, волейбол, теннис - ауыл баласына жақын спорт түрлері қамтылған.
Тимур Құлыбаевтың Halyk қоры жобаны жүзеге асыруға 500 миллион теңге бөлді. Бұл тек жабдық сатып алу немесе спорт алаңдарын салумен шектелмейді, ең бастысы - әр балаға сенім артып, оның болашағына жол ашу.
«Auyl Sport - жай ғана жарыс емес. Бұл - ауыл балаларына үлкен аренаға шығуға берілген мүмкіндік», – дейді Halyk қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Нұрқожа Қалыбектің жеңісі - осы жобаның жемісі. Ол ауылдан шыққан мыңдаған баланың үмітін арқалап, халықаралық аренада ел намысын қорғады.
Ауылда туып, әлемді бағындыру - мүмкін. Тек мүмкіндік керек.